Жол полициясының қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінде жол полициясының қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Алқалы жиынға Парламент депутаттары, «Нұр Отан» ХДП-ның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ ІІМ Жол полициясы комитетінің басшылығы қатысты.
Баспасөз қызметінің атап өтуінше, Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков өз сөзінде Комитет үшін тек оған заңмен жүктелген міндеттерді тиімді және сапалы орындау мәселелері ғана емес, сондай-ақ азаматтардың жол сақшыларына және де жеке әрбір қызметкерге деген қарым-қатынасы маңызды екендігін баса айтқан.
Отырысқа қатысушылар азаматтармен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін жол полициясы қызметінің ашықтығы қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге және қызметкердің оң сипатын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, олар жол полициясы қызметі үрдісінде азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалуын бақылау мақсатында өңірлерде Қоғамдық кеңестің көшпелі отырыстарын өткізу туралы ұсыныстар берді.
Жиын қорытындысы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру, жол полициясында тәртіп пен заңдылықты нығайту, қоғаммен кері байланысты ұстау, сондай-ақ жол полициясының қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту жөнінде ұсынымдар әзірленді.