18:14, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жол полициясының қызметкерлері автокөлік ұрлаған студентті қолға түсірді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматы қаласының Жол полициясы қызметкерлері арнайы операция нәтижесінде автокөлікті ұрлап айдап кеткен студентті ұстады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы Ішкі істер департаментіне сілтеме жасап. Қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студент мас күйінде жол жиегінде тұрған «Мерседес» автокөлігін айдап кеткен. Иесі көлігінің із-түссіз жоғалғандығын 15 минут өткеннен кейін ғана біледі. Осыдан кейін автокөліктің ұрланғаны жайында хабар қала аумағындағы полиция қосындарының барлығына таратылды.Заңсыз айдалып кеткен көлік Рысқұлов пен Шемякин көшелерінің қиылысында көзге шалынған. Автокөлікте отырған мас студентті тоқтатпақ болған полиция қызметкерлеріне ол көпке дейін қарсылық көрсетеді. Қолға түскен күдіктіні медициналық сараптамадан өткізу нәтижесінде ішімдікті сылқита ішкендігі белгілі болды. Алмалы ауданының ішкі істер басқармасының жедел тергеу тобының алдын ала тергеу-тексеру шаралары кезінде бұл оқиғаның басқа да жайттары анықталды. Белгілі болғандай, мас студент көлікті айдап кеткеннен соң, «Катализатор» базарының маңайында жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Зардап шеккен әлгі адам ауруханаға жеткізілді.