Жол сақшылары автобус пен жедел жәрдем көліктерін жасырын патрульдеуге тартпақшы

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі автобустар мен жедел жәрдем көліктерін жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін автоматтандырылған құрылғылармен жабдықтамақшы.

Қызметтік көлік
Фото: Polisia.kz

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Қала сыртындағы жолда қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін патрульдік автокөліктерді жол ережелерін бұзуды тіркейтін борттық жүйелерімен жабдықтадық. Жол бойы жүйе жол ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді және оларды Бас прокуратураның орталық серверіне жібереді. Осы жерде айта кететін жәйт, қызметкерлерде ереженің бұзылғаны туралы ақпаратты жою мүмкіндігі жоқ.

Қазір осындай 216 көлік бар. Бір экипаждың өнімділігін 15 патрульдің жұмысымен салыстыруға болады. Дегенмен, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығын ескерсек, әлі де жеткіліксіз.

Осы орайда, біз жол жүрісіне қатысушылардың бәрін тартуды көздеп отырмыз. Яғни жедел жәрдем көліктерін, қоғамдық көліктерді, сондай-ақ полицияның түсті-графикалық бояуы мен жарқылдауық маяктары жоқ автокөліктерді автоматты тіркеу жүйелерімен жабдықтауды ұсынамыз», - деді ол.

Комитет басшысы бұл шара көлік жүргізу мәдениетін арттырып, жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз ететінін айтады.