15:18, 11 Қазан 2013 | GMT +5
Жол салу барысында жаңа технология әлі қолданылмай келеді - Елбасы
АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Жол салу барысында жаңа технология әлі қолданылмай келеді. Бүгін Ақордада еліміздің өткен 9 айының даму қорытындыларына арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Көлік және коммуникациялар министрлігінің жұмысын сынға алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Жақында Ресейде Қазан-Мәскеу күре жолы темірботынды жабынның жаңа технологиясын қолдану арқылы салынып жатқанын білдім. Салу мерзімі бар-жоғы екі жыл, құны үш есеге дейін арзандайды. Ал бізде кеше салынған жолға жөндеу керек боп тұр. Басқасын айтпағанда, Астананың өзінде осы. Нәтижесінде, жол сапасы жөніндегі әлемдік рейтингте 140 елдің ішінде 117-орында тұрмыз. Міне, бізге берілген баға», - деді Елбасы жиын барысында.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Көлік және коммуникациялар министрінің жұмысын сынға алып, қомақты сома жол салуға жұмсалып жатқанын, алайда оның нәтижесі тиісті деңгейде емес екенін атап өтті.