Жол сапасына жауапты 400-ден астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды – министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі жолдардың сапасын күтіп ұстамаған 400-ден астам лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тартты. Брифинг аясында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол сапасына жауапты 400-ден астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды – министрлік

Жандос Мұратәлиев алдағы уақытта жол-көлік оқиғасы сапасыз жол салдарынан болғаны анықталса, онда жолды күтіп-баптаумен айналысатын компания өкілдерін жауапкершілікке тарту көзделіп отырғанын жеткізді.

«Қауіпсіз жол» айлығының алғашқы аптасында біз 400-ден астам лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тарттық. Олар жол сапасын қадағалауда, белгілерді орнатуда және жол бойында өзге де жөндеу жұмыстарын жүргізуде олқылықтарға орын берген. Осы бағытта өз міндетін дұрыс атқармаған лауазымды тұлғаларға қатысты, тіпті қылмыстық іс қозғалғаны туралы фактілер де бар. Олардың ісі сотқа дейін жеткен», - деді Жандос Мұратәлиев.

Спикер бұл мәселені министрлік бақылауға алатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Жандос Мұратәлиев жол ережесін жиі бұзатындар үшін 50% жеңілдікті алып тастау туралы өзгерістер қай уақытта енгізілетінін айтты.

Айта кетсек, кеше жол сапасына наразы Алматы облысының тұрғындары трассаны жауып тастағанын жазған едік.