«Жол жүрісі туралы» заңға қандай өзгерістер енгізілді

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне: көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін мүгедектерді көлiк құралдарын басқару құқығынан 3 жылға айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілік енгізілді; қарсы жолаққа шығу тыйым салынған жерлерде қарсы жүру жолағына шыға отырып, бұрылу немесе кері бұрылу үшін көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы нақтыланған; жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл мөлшері 5-тен бастап 3-ке дейін АЕК қысқартылды; масаң күйін куәландырудан өтуден бас тартқан үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 2 жылдан 3 жылға дейін көбейтілді; ішкі істер органдарының, әскери полицияның қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жолаушы көлік құралын тастап кеткен үшін жауапкершілік алынып тасталынды.
Сондай-ақ, «Жол жүрісі туралы» Заңда түнгі уақытта, яғни сағат 23-тен таңғы 06 сағатқа дейін қалааралық, ауданаралық қатынастарда автобустармен тұрақты емес тасымалдаулар арқылы жолаушыларды тасымалдауға тыйым салу алынып тасталынды.
Сонымен бірге, егер жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдай орын алса, оны қайта айырбастау кезінде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыру жөніндегі міндеттілік әкімшілік кедергілерді төмендету мақсатында алынып тасталынды.
Кейбір баптар бойынша жол ережелерінің бұрынғы нұсқасымен салыстырғанда бұл жолғы толықтырулар мен өзгерістер заң талаптарын қатаңдату жағына қарай ойысты. Жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедті айдап жүруге тыйым салынды. Бұған елімізде болған бірнеше жол көлік апаттары негіз болды деуге себеп бар.
Айта кетейік, Заңға енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтырулар бойынша, енді жүргізушіні жол-патрульдік полиция қызметкері тоқтатқанда, ол құқықтық нақтылау мақсатында өзінің көлікті тоқтату себебін нақтылай түсу керек деген талап енгізілді. Яғни, Заңның 52-бабының ескертуінде көлік құралын тоқтату негіздемелерінің бірі болып табылатын «арнайы іс-шаралар» ұғымының мазмұны ашылып енгізілді. Бұдан кейін «арнайы іс-шаралар» ұғымы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар жүргізетін жедел-профилактикалық, жедел-іздестіру, күзет іс-шаралары және терроризмге қарсы операциялар болып нақтылануы тиіс.
Сондай-ақ, көлік құралына аэрография салу бойынша тыйым салу алынып тасталынды.
«Tm» санатындағы (трамвай) көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін жасы төмендетілді (25 жастан 21 жасқа дейін) және басқа көлік құралын басқару тәжірибесі бар болу қажеттігі туралы талап алынып тасталынды.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін берілгені үшін мемлекеттік баждың жоғарылатылған мөлшерлерін көздейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің тізбесін кеңейтуге қатысты Салық кодексіне түзетулерді қоспағанда, Заңның ережелері 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.