«Жолаушылар тасымалы» АҚ жиі түсетін шағымдар мен өтініштерді атады
АСТАНА. KAZINFORM – «Жолаушылар тасымалы» АҚ ел тұрғындарынан жиі түсетін шағымдар мен өтініштерді атады.
«2023 жылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ атына корпоративтік пошта, «1433» өтініштерді есептеудің бірыңғай жүйесі және «Е-Otinish» азаматтардың барлық өтінішін қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы арқылы 4 мыңнан астам өтініш түсті. Оның ішінде шамамен 2 мыңы – шағым, 1 мыңнан астам – ақпараттық әрі нақтылау сипатындағы сұрақтар және 715-і – көрсетілген қызмет сапасына алғыс», - деп атап өтеді компаниядан агенттіктің ресми сауалына орай.
Өткен жылдың ішінде жолаушылар пойыздарының уақытынан кешігуіне өте көп шағым келіп түскен.
«Дегенмен, нақтылау сипатындағы көптеген сұрақ келіп түседі: отырғызу талонын алу, билет қайтаруды рәсімдеу тәртібі, сайтта билеттерді рәсімдеу тәртібі, кәмелетке толмаған жолаушыларды тасымалдау тәртібі және тағы басқалары. Алғыс сипатындағы өтінімдер санының басым екендігін де атап өткен жөн. Өтініштердің басым бөлігі жедел, сонымен қатар көптеген мәселе Инвестиция және даму министрлігінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №545 бұйрығымен бекітілген Жолаушыларды, жүктерді, тасымалдау, жолжүктері мен пошта жөнелтілімдері ережесі аясында шешіледі. Өтініштердің бір бөлігі қатысы бар қызметкерлердің араласуымен толық және жан-жақты тексеру жүргізуді қажет етеді», - деп нақтылайды компаниядан.