Жолаушылар автобусын ұрлап ұсталды

АЛМАТЫ. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда жолаушылар автобусын ұрламақ болған азамат ұсталды, деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.
None
None

Қалалық бағыттың бірінде жүретін «МАН» автобусын иесі «Айнабұлақ-2» ықшам ауданындағы үйінің ауласына қойған. Таңертең автобустың жоқтығын көріп, полицияға хабарласқан.

«Автобус түнде ұрланған. Ұры терезені шағып кіріп, тоқтарын жалғау арқылы от алдырған. Ұры удай мас болған, сәттілікке ол ұрлап айдаған көліктің алдынан ешкім шықпапты. Ол автобус иесі полицияға хабарласқанға дейін-ақ ұсталды. Жол полициясының шолғыншы қызметі жүрісі «қисық» автобусты көріп, тоқтатқан. Тексеріс нәтижесінде мас адамның көлікті ұрлап айдап бара жатқаны белгілі болды», - дейді Алматы қалалық Жол полициясының бастығы Арман Сарбасов.

Автобусты ұрламақ болған 29 жасар Онтүстік Қазақстан облысының тұрғыны болып шықты. Досына қонаққа келген ол автобусты мастықпен айдап шықтым деп отыр. Қазіргі кезде автобус иесіне қайтарылып, ұсталған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Өткен тәулікте осыған ұқсас тағы бір қылмыс орын алды. Розыбакиев -Өтепов көшелерінің қиылысында мотоцикл ұрламақ болған Оңтүстік Қазақстан облысының 21 жасар тұрғыны қолға түсті. Алматыға уақытша жұмысқа келген ол айлығын азсынып, мотоциклді ұрлап, сатпақ болған. Алайда полиция қызметкерлерінің қолына түсіп, үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар