Жолаушылар пойызының соқтығысу мәселесі қаралды-ККМ

АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат. Көлік және коммуникация министрлігінде вице-министр Еркін Дүйсенбаевтың төрағалығымен 2011 жылғы 6 маусымда Ақтөбе қаласының жол бөлімінде болған жұмыс пойызының жолаушылар пойызымен соқтығысу жағдайын талқылау жөнінде жиналыс өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Жолаушылар пойызының соқтығысу мәселесі қаралды-ККМ

Жиналысқа ҚР Бас көліктік прокуратурасының өкілдері және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылары қатысты.

Жиналыс барысында аталған жағдай бойынша қабылданған шаралар туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылымдық бөлiмшелерiнің басшылары баяндады. Соқтығысу №4502-шi пойыз локомотивінің жұмыс бригадасының тыйым салынған сигналдан жүрiп өтуi себебінен болғандығы анықталды.

Жиналыстың қорытындысы бойынша вице-министр Е.Дүйсенбаев зардап шегушілердің өтініштерін уақытылы қарау, ақаулы қауiпсiздiк құралдары бар локомотивтердің шығуын қадағалау, сонымен қатар, магистралдық және стансалық жолдарда пойыздардың жазғы жол жұмыстарына қатысы бар қызметкерлердің жұмысына бақылауды күшейту туралы тапсырма берді.