Жолаушылар пойызының тіркемеге соқтығысуы: Тракторшы тағылған кінәмен келіспеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысында астық тиелген тракторға бірден екі пойыздың соқтығысу оқиғасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қостанай жаңалықтары» сайтына сілтеме жасап.

Жолаушылар пойызының тіркемеге соқтығысуы: Тракторшы тағылған кінәмен келіспеді

Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқиға биылғы қыркүйек айының басында Притобольская-Апановка өткелінің 178-ші шақырымында болды. Алғашқыда астық тиеген К-700 тракторының тіркемесіне жолаушылар пойызы соғылды. Арқалыққа бет алған пойыз жолаушылары дін аман. Арада 7 минут өткен соң, соққымен көрші жолға лақтырылған тіркемеге жүк пойызы соғылады.

«Қазақстан темір жолы» АҚ тексеру жүргізіп, болған оқиғаға трактордың жүргізушісі кінәлі деген қорытынды жасады. Трактордың үш тіркемесі болған, мұның өзі заңға қайшы. Ол теміржол өткелімен өтіп бара жатқанда  кезекші үшінші тіркемесінен ақау байқаған. Тіркеменің дөңгелектері бағаналар мен рельстерді бүлдіруі мүмкін болғандықтан, теміржол өткелінің кезекшісі жүргізушіні тоқтатқан. Жүргізуші өткелдің үстіне тоқтауға мәжбүр болып, үшінші тіркемені трактордан ажыратуға тырысқан. Бірақ уақыты жетпеген. Тіркемеге бірінен соң бірі екі пойыз соғылды.

Іс аудандық сотта қаралды. Онда, оқиға кезінде К-700 жүргізушісінің техникалық төлқұжаты, ал көлік құралының нөмірлері болмағаны анықталды. Теміржолшылардың айтуынша, трактор жүргізушісінің салғырттығынан адамдардың өміріне қауіп төнді.  Теміржол мүлкіне де қомақты сомаға шығын келтірілді.

Ал тракторшы жұмыс істейтін «Асар-07» ЖШС оқиғаға теміржол өткелінің кезекшісі кінәлі деп санайды. ЖШС өкілі Сергей Судаковтің пікірінше,  кезекші апаттың алдын алуы мүмкін еді. Мәселен, бағдаршамның жүруге рұқсат етіпейтін белгілерін қосу қажет болған.  Оның орнына, пойыздың жақындап қалғанын біле тұра, тракторды өткелдің үстінде тоқтатқан.

Сот қаулысы бойынша, К-700 жүргізушісі 14 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Ол жүргізуші куәлігінен айырылған жоқ. «ҚТЖ» АҚ әзірге материалдық шығынның орнын толтыру туралы шағым түсірген  жоқ. Себебі тракторшы аудандық соттың шемімен келіспей, талап-арыз берген.