«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Алматы-Петропавл» жаңа жүрдек пойызын іске қосады

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы жолаушылар пойызын жақсарту бойынша кешенді жұмыстарды іске асыруды жалғастыруда.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Алматы-Петропавл» жаңа жүрдек пойызын іске қосады

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қатынауды бастайтын «Алматы-Петропавл» қатынасындағы №151/152 жаңа жүрдек пойызына билеттерді сату басталғанын хабарлайды. Пойыз күнара қатынайтын болады. Пойыздың жолда жүруінің жалпы уақыты 18 сағат                        05 минутты құрайды.

Осы пойыз Астана қаласындағы «Тұлпар-Тальго» қазақстандық-испандық  бірлескен  кәсіпорнының  зауытында  құрастырылған 19 «Тальго» жайлы вагондарынан  тұрады.  Вагондар «Жолаушылар тасымалы» АҚ  жылжымалы құрамының техникалық ресурсын жаңарту және жоғарылату бағдарламасын іске асыру шеңберінде сатып алынды. Соған сәйкес,                     2010 жылы «Тұлпар-Тальго» БК-мен 2014 жылға дейін 420 жолаушылар вагонын сатып алуға келісім-шарт жасалды.

«Тальго» вагондары жол жүру жайлылығының талаптарына сәйкес келеді, жеңіл конструкцияға ие және соңғы технологиялар мен  Қазақстанның климат жағдайлары үшін арнайы жасалған әзірлемелерді пайдалана отырып жасалған. Сонымен қатар, олар қалдықтарды жинауға мүмкіндік беретін вакуумдық тазартудың арнайы жүйесімен жабдықталған. «Тальго» вагондарында жылу вагон-электр стансысынан алынатын электр энергиясы арқылы беріледі, бұл ауаға шығатын зиянды заттардың шығарылымын едәуір азайтады.

Жүрдек маршруттарды іске қосу бірінші кезекте пойыздың жолда жүру уақытын шамамен 2 сағатқа қысқартуды көздейтінін айта кету керек. №151/152 пойызды іске қосу жолда жүру уақытын Алматы-2 станциясынан Петропавлға дейін (ара қашықтығы 1834 ш/м) 30 сағаттан 18 сағатқа дейін қысқартады.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда «Тальго» вагондарынан құрастырылған жүрдек пойыздар 2 бағыт: «Алматы-Астана» (№1/2 пойыз) және «Алматы-Шымкент» (№25/26 пойыз) қатынастары бойынша қатынайды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2010-2014 жылдарға арналған ҚР Көліктік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында  ағымдағы жылдың соңына дейін тағы бір - «Ақтөбе-Астана» жүрдек бағытын іске қосуды жоспарлап отыр.  Жалпы 2015 жылға дейін - «Астана-Атырау», «Алматы-Атырау» (2013 жыл); «Астана-Қызылорда», «Алматы-Ақтөбе» (2014 жыл); «Астана-Защита», «Алматы-Защита» (2015жыл) жүрдек бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр.