«Жолаушылар тасымалы» АҚ су басқан ауылдардан халықты көшіруге жұмылдырылуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теміржолшылар жергілікті билік органдарымен және төтенше жағдайлар қызметтерімен бірлесіп, Қарағанды облысының су басқан аудандарынан халықты қауіпсіз жерге көшіруге белсенді атсалысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жексенбі күндері компанияның «Солтүстік» филиалы бөлген арнайы вагондармен 660 адам «Қарағайлы-Қарағанды» бағдары бойынша тасымалданды.
Мұнан бөлек, іргелес стансалардан жолаушыларды қауіпсіз аймаққа жеткізу үшін қала маңы тасымалына арналған электр пойыздары да жұмылдырылған. Мәселен, «Астана-Қарағанды-Астана» бағытындағы №6857-6858 пойызымен 171 адам тасымалданды.
«Бүгін Ақмола облысының Аршалы ауданындағы су тасқынына байланысты Волгодоновск ауылдық округіне қарасты 42-разъездің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру үшін тағы 3 жолаушылар вагоны бөлінді», - делінген компания ақпаратында.