«Жолаушылар тасымалы» ел вокзалдарында билеттерді сатып алумен дүрбелең туындап жатқандығы туралы ақпаратты теріске шығарды
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Жолаушылар тасымалы» АҚ кейбір БАҚ-тарда жарияланған Қазақстанның вокзалдарында темір жол билеттерін сатып алу кезінде дүрбелең туып жатқандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Кейбір бұқаралық ақпарат көздерінде Қазақстанның вокзалдарында, әсіресе Алматы-2 вокзалында темір жол билеттерін сатып алу кезінде дүрлігудің болуы туралы ақпараттар асыра айтылып жүр. Осыған орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ БАҚ-дағы ақпарат шындыққа жанаспайтындығын хабарлайды», - делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Анықталғандай, Алматы-2 темір жол вокзалында билеттерді сатып алумен «қарбалас» жоқ. БАҚ-тарда хабарланғандай, кассалардың алдында ұзын сонар кезектер де жоқ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ клиенттерге барынша жайлылық жағдайын туғызу мақсатында қолданысқа электронды кезекті енгізді. Бұл - кезекті автоматты түрде реттеп, жолаушыларға кезектерін орындықтарда отырып күтуге мүмкіндік береді. Электронды кезек қағидаты бойынша жолаушыларға бір мезгілде бірнеше кассада қызмет көрсетеді. Бір жолаушыға кассада қызмет көрсету уақыты орта есепппен 2-4 минутты құрайды. Онымен бірге, касса залында жүретін вокзал кезекшісі жолаушының кез келген сұрағына жауап беріп, көмек көрсетеді.
Бұдан өзге, «Жолаушылар тасымалы» АҚ құзырлы орган қызметкерлерімен, қоғамдық ұйым өкілдерімен және «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып заң бұзушылықтарға қарсы және вокзалдар мен жолаушылар пойызындағы тәртіпті қатаңдату бойынша түрлі іс-шаралар жүргізуде. Компания өкілдері бүгінгі таңда, алыпсатарлардың вокзал ғимаратының ішінде жүзеге асыратын әрекеттеріне толығымен тосқауыл қойылғандығын қадап айтуда. Сонымен бірге, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның күшімен және құқық қорғау органдарының көмегімен билетті вокзал ғимаратынан тыс жерде заңсыз иелену фактілері әлдеқайда азайды.
«Ал жекелеген пойыздардағы орын жетіспеушілігі жаз мезгіліндегі демалысқа, оқушылар мен студенттердің жазғы демалысы кезіндегі жолаушылар ағымының көбеюіне байланысты. Мысалға, ағымдағы жылдың ақпан айында Алматы-2 стансасында тәулігіне 3000 билет сатылса, маусым айында 4300 билет сатылды. Кей адамдарда жолаушылар тасымалы туралы жағымсыз пікір қалыптасқан. Жылдар бойы қалыптасқан көзқарастарды ескере отырып, «Жолаушылар тасымалы» АҚ соңғы екі жылда халықтың жолаушылар тасымалына деген сұранысын толық қанағатандыру мақсатында түбегейлі шараларды қолдануда, жылжымалы құрамды нәтижелі пайдаланып, қызмет көрсету сапасын жақсарту үстінде. Барлық мүмкіндіктер қарастырылып, жолаушылар пойызына қосымша вагондар тіркелуде», - дейді баспасөз қызметі.
Осы ретте, «Жолаушылар тасымалы» компаниясы жолаушыларға өз сапарларын алдын-ала жоспарлауға кеңес беруде. Себебі, билеттер сатылымға 45 күн бұрын түседі. Сонымен қатар, уақытты үнемдеп, касса алдындағы кезекте тұрмас үшін, билеттерді интернет арқылы немесе өз-өзіне қызмет көрсететін транзакциялық терминалдар арқылы сатып алуды ұсынады. Ал жуық арада, жолаушылар темір жол билеттерін Қазақстанның барлық аймағында орнатылатын сатылым терминалдары арқылы сатып ала алатын болады.