Жолаушылар жүгінен бағалы бұйымдар ұрлаған әуежай қызметкерлері ұсталды
АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат - Нью-Йорктің Джон Кеннеди атындағы әуежайының қауіпсіздік қызметі жолаушылардың бағалы бұйымдарын ұрлаған жеті қызметкерді ұстады. Олардың барлығы да El Al Israel әуекомпания қызметін пайдаланушылардың жүктерін сұрыптаумен айналысқан, деп хабарлады vesti.ru.
Жолаушылар бірнеше мәрте жүктеріндегі бағалы бұйымдардың жоғалғандығы туралы шағым түсіргеннен кейін әуежайдың қауіпсіздік қызметі El Al Israel әуекомпаниясына қызмет көрсетілетін жүк кешеніне бейнебақылау орнатқан. Жасырын камераның арқасында қауіпсіздік қызметкерлері ұрылардың кім екендігін анықтады. Олардың пәтерлерін тексеру барысында ұрланған бағалы сағаттар, әшекей бұйымдары, фототехникалар, Apple құрылғылары табылды.