Жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау тарифтері жыл сайын 10 пайызға көтерілетін болады
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат -Республикалық бюджеттік комиссияның шешіміне сәйкес, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау тарифтерін жыл сайын 10 пайызға көтеру қарастырылған.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов мәлім етті.
Агенттік басшысы 2012 жылғы 1 сәуірден бастап жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау тарифтерін 15 пайызға, оның ішінде магистральды теміржол желісі қызметінің тарифтерін 9,6 пайызға көтеруге келіскенін атап өтті.
«Осылайша тарифті көтерудің арқасында 625 шақырым жолдың құрылысы жаңғыртылады. 141 локомотивті сатып алу мен жаңғырту, 47 локомотивті күрделі жөндеу, 14737 вагон сатып алу және 1016 вагонды жөндеу жүзеге асады. Республикалық бюджеттік комиссияның шешіміне сәйкес, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау тарифтері жыл сайын 10 пайызға көтеру қарастырылғанын еске салғым келеді», - дейді М. Оспанов.