Жолаушының шабаданын бүлдіріп, айыппұл төлегісі келмеген компания сотта жеңіліп қалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - SCAT әуе компаниясы жолаушының мүлкін бүлдіргені үшін айыппұл төлейтін болды. Сот тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің шешімін заңды деп тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биылғы шілде айында Шымкент қаласының тұтынушылар құқығын қорғау аумақтық департаменті ҚР «Әкімшілік құқық бұзу туралы» кодексінің 190-бабы бесінші бөлігі бойынша «SCAT» авиакомпаниясына айыппұл салды.
« 2021 жылғы 9 қарашада авиакомпания Нұр-Сұлтан – Алматы бағыты бойынша DV714 рейсін орындаған кезде И. атты азаматшаның шабаданы бүлінген. Тексеру барысында авиакомпания «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңның 42-4-бабының 5-тармағында көзделген талапты орындамағаны анықталды. Оған сәйкес тұтынушының наразылығына жауап оны кәсіпкерлік субъектісі алған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынылады», - деп түсіндірді Шымкент қаласы бойынша департамент өкілі Б. Салхожаев.
Жоғарыда аталған қаулымен келіспеген SCAT авиакомпаниясы сотқа жүгінді.
Сот авиакомпанияның шағымын қанағаттандырмады.
Фото: Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті