Жолбарыс популяциясын қалпына келтіру: түз тағысы қалай жерсініп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру жұмысы қандай қарқынмен жүріп жатыр? Іле-Балқаш өңіріне жеткізілген жыртқыштар жаңа ортаға бейімделе алды ма? Ал олардың тарихи мекенінде тұрақты популяция қалыптастыру үшін қандай жағдай қажет? Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге мәселені зерделеді.

Амур жолбарысы
Фото: Kazinform / ЖИ

Тарихи мекеніне қайтару жұмыстары қалай басталды?

Тұран жолбарысы ертеде Орталық Азияның тоғайлы ормандарын, Іле өзенінің алабын, Оңтүстік Балқаш өңірін және Сырдария бойын мекендеген. Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың жойылуы, қоректік жануарлар санының азаюы мен браконьерлік салдарынан бұл жыртқыш Қазақстан аумағынан толық жойылды.

Қазіргі молекулалық-генетикалық зерттеулер Тұран және Амур жолбарыстарының генетикалық тұрғыдан өте жақын екенін көрсетті. Сондықтан жойылып кеткен түрді тарихи мекеніне қайтару бағдарламасы аясында Амур жолбарысын жерсіндіру туралы шешім қабылданған.

Алайда жыртқышты табиғатқа жіберу үшін алдымен оның тіршілік етуіне қажетті жағдай қалыптастыру керек болды. Осы мақсатта 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, тоғайлы ормандарды қалпына келтіру, қоректік базаны молайту және табиғат қорғау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталды.

Әсіресе жолбарыстың негізгі қорегі саналатын жабайы тұяқты жануарлардың санын арттыруға басымдық берілді. Резерват аумағына Бұқар бұғылары мен құландар көшірілді. Мәселен, биыл қыркүйекте «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінен тағы 30 құлан жеткізілді.

Бірнеше жылға созылған дайындық жұмыстарының нәтижесінде биыл мамырда Ресей Қазақстанға қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында төрт Амур жолбарысын тапсырды. Олардың екеуі – ересек, екеуі – күшік. Жыртқыштар Іле-Балқаш резерватына жеткізіліп, табиғи ортаға бейімделуі үшін арнайы қоршауларға орналастырылды.

Алғашқы екі жолбарыс табиғатқа жіберілді

Жолбарыстарды табиғи ортаға жіберу алдында мамандар олардың денсаулығын, мінез-құлқын және өздігінен аң аулау қабілетін бағалаған. Дайындық кезеңінен кейін шілде айының соңында Үміт есімді аналық жолбарыс, ал қазан айының соңында Амур есімді аталық жолбарыс табиғатқа шығарылды.

Амур
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, мамандар жолбарыстардың жаңа ортаға бейімделуін бақылауды жалғастырады. Қазір екі жыртқыш та өздігінен аң аулап жүр. Үміттің олжаларының арасында қабан, Бұқар бұғысы мен қасқыр бар. Амур да алғашқы аңын ұстаған.

Ендігі маңызды кезең – екі жолбарыстың жұп құрып, ұрпақ өрбітуі. Алайда мамандар олардың бір-бірін қабылдайтынына әзірге кепілдік бере алмайды. Себебі Үміт табиғатқа ертерек жіберіліп, өз аумағын белгілеп үлгерген. Енді Амур оның иіс іздерін тауып, мекендеу аймағын анықтауы керек.

Мамандардың айтуынша, жолбарыстардың мінезі күрделі болғандықтан, олардың бір-біріне көзқарасын алдын ала болжау қиын. Кей жағдайда жұп құруға дайын жануарлардың өзі бір-бірін қабылдамауы мүмкін.

Егер алғашқы кездесуден нәтиже шықпаса, аталық жолбарысқа басқа ұрғашыны іздеу мәселесі қарастырылады. Ал Ресейден бірге жеткізілген екі күшік әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жетіп, ветеринариялық тексерулерден өткеннен кейін ғана табиғатқа жіберілуі мүмкін.

жолбарыс
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жыртқыштардың қозғалысы қалай бақыланады?

Жолбарыстардың табиғи ортаға қаншалықты бейімделгенін анықтау үшін мамандар олардың қозғалысын спутникке қосылған GPS қарғыбаулары арқылы бақылап отыр. Алғашқы мәліметтер бойынша, Үміт тәулігіне 7-15 шақырым жол жүреді. Оның қозғалыс жиілігі, жылдамдығы мен тынығу уақыты Хабаровск және Приморье өлкелеріндегі жолбарыстардың тіршілік дағдысына сәйкес келеді.

Жануарларды бақылаумен қатар, адам мен жыртқыш арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алу шаралары да қолға алынған. Бұл үшін арнайы топ құрылып, мамандар жергілікті тұрғындармен байланыс орнатып, күтпеген жағдайларға жедел әрекет етуге дайын.

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Қанат Қожабековтің айтуынша, жолбарыстарды қайта жерсіндіру жануарларды табиғатқа жіберумен аяқталмайды. Бұл – олардың қауіпсіздігін, тіршілік ортасын және жергілікті тұрғындардың тыныштығын қатар қамтамасыз етуді талап ететін ұзақмерзімді жұмыс.

– Біз жануарлардың қозғалысын бақылап, мінез-құлқын зерттеуді, аумақтың қорғалуын қамтамасыз етуді және жергілікті тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырамыз. Біз үшін жолбарыстардың табиғи ортаға сәтті бейімделуімен қатар, адамдардың қауіпсіздігі де аса маңызды, – деді Қанат Қожабеков.

Қанат Қожабеков
Фото: Қанат Қожабековтің жеке мұрағатынан

Бағдарламаның келесі кезеңінде Қазақстанға тағы екі жолбарыс жеткізу жоспарланып отыр. Оларды орналастыру тәртібі қазіргі жыртқыштардың қозғалысы мен жаңа аумаққа бейімделу нәтижелеріне қарай айқындалмақ. Қазақстандық мамандар Іле-Балқаш өңірінде 50-ге дейін жолбарыс тіршілік ете алады деп есептейді.

Тұрақты популяция қалыптастыруға не кедергі?

Эколог Лаура Сейілбектің пікірінше, Амур жолбарысын Балқаш өңіріне қайта жерсіндіру – жойылып кеткен жануарды тарихи мекеніне қайтарумен қатар, осы аумақтың табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруге бағытталған жоба. Себебі қоректік тізбектің жоғарғы сатысында тұрған жыртқыштың пайда болуы тұяқты жануарлар санын табиғи жолмен реттеп, тоғайлы ормандардың жаңаруына ықпал етеді.

Тұран жолбарысы
Фото: Kazinform / ЖИ

Маман Балқаш өңірінде туып-өскен. Бала кезінде атасы мен жергілікті тұрғындардан осы аумақта жолбарыстар мекендегені туралы көп әңгіме естіген. Тарихи деректерде олардың өңірде 1920–1930 жылдарға дейін тіршілік еткені айтылса, жергілікті тұрғындардың естеліктерінде 1940–1950 жылдарға дейін кездескені туралы мәліметтер бар.

– Сондықтан жолбарыстың бұл өңірге қайта оралуын жаңа жануарды әкелу деп қарастыруға болмайды. Олар тарихи мекеніне келді, – деп есептейді эколог.

Лаура Сейілбек
Фото: Лаура Сейілбектің жеке мұрағатынан

Лаура Сейілбектің айтуынша, Іле-Балқаш өңірінде жыртқыштың тіршілік етуіне қажетті табиғи алғышарттар бар. Алайда тоғайлы ормандарды, су көздерін және қоректік жануарларды сақтаумен бірге бірқатар экологиялық мәселені шешу қажет. Соның ең маңыздысы – Іле өзенінің су режимі. Өзен ағыны мен су көлеміндегі өзгерістер Іле атырауы мен Балқаш көлінің жағдайына, демек, жолбарыстың тіршілік ортасына тікелей әсер етеді. Бұған климаттың өзгеруі, табиғи өрттер, браконьерлік пен адамның шаруашылық әрекеті де қосылады.

– Ғылыми зерттеулер бойынша, Іле-Балқаш өңіріндегі жолбарыстың тіршілігіне қолайлы аумақ шамамен 7 мың шаршы шақырым деп бағаланған. Модельдік есептеулерге сәйкес, қоректік базаны қалпына келтіріп, табиғи ортаны тиісті деңгейде сақтаған жағдайда, бұл аумақ 60-қа жуық жолбарыстан тұратын популяцияны қамтамасыз ете алады. Әрине, бұл – ғылыми модельге негізделген болжам, нақты нәтижеге берілген кепілдік емес, – деді маман.

жолбарыс
Фото: Kazinform / ЖИ

Экологтің пікірінше, жобаның басты мақсаты белгілі бір санға жету емес, табиғи ортада өздігінен қоректеніп, көбейе алатын тұрақты популяция қалыптастыру болуы керек.

– Бұған қоса адам мен жабайы табиғат арасындағы қақтығыстарды азайтып, браконьерлікке қарсы күресті күшейту қажет. Жануарларға тұрақты мониторинг жүргізіп, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру да маңызды. Осындай шаралар кешенді түрде жүзеге асқанда ғана тұрақты популяция қалыптастыруға мүмкіндік туады, – деді Лаура Сейілбек.

Маманның бағалауынша, бұл нәтижеге қол жеткізу үшін ондаған жыл қажет. Қолайлы жағдайлар сақталып, экожүйені қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жүргізілсе, алдағы 30–40 жыл ішінде тұрақты популяция қалыптасады.

Айта кетейік, аталған бағдарламаны жүзеге асыруға Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары, ғылыми қауымдастық және халықаралық табиғат қорғау ұйымдары атсалысып келеді. Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрлігі мен «Амур жолбарысы» орталығы жыртқыштарды дайындау, Қазақстанға жеткізу және тәжірибе алмасу жұмыстарына қатысса, Дүниежүзілік табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш экожүйесін қалпына келтіру, тоғайлы ормандарды сақтау және жабайы тұяқты жануарларды жерсіндіру бастамаларын қолдап келеді.

Еске салайық, Қазақстанда керқұландарды да қайта жерсіндіру жобасы жүріп жатыр.