Жолбарыстар тіршілік ететін «Іле-Балқаш» табиғи резерваты құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы жолбарыстар тіршілік ететін «Іле-Балқаш» табиғи резерваты құрылады. Бұл туралы бүгін Қазақстанда жолбарыстарды реитродукциялау бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2012 жылы Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры бастаған нақты жұмыстар Қазақстанның ғылыми мамандарын тарта отырып, елімізде жолбарыстарды реитродукциялау жөніндегі бағдарлама жобасын әзірлеуге түрткі болды. Біздің ұсыныстарымызды ескере отырып, жолбарыстарды реинтродукциялау бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ашық екендігімізді қуаттай түскім келеді. 2014 жылдың мамырында Алматыда қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен семинар өткізіліп, онда жобарыстардың реитродукциясы үшін Іле сағасының аумағы жарамды екендігі нақтыланды», - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, бағдарлама ескертпелерді қаперге алып, қайта толықтай жасалғаннан кейін 2015 жылдың мамыр айында таныстырылған.
«WWF-Ресейдің Қазақстанның табиғатына жолбарыстарды реинтродукциялау бойынша бастамасын қолдай отырып, бұл жұмыстардың уақыт бойынша барынша ұзаққа созылатындығын және бірінші кезекте жолбарыстардың болжамды реинтродукциялану орынының қорғалатын табиғи аумағын құру талап етілетіндігін атап өткен жөн. Осыған балйанысты 2017 жылдың тамызында Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылдың 1 қаңтарынан «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватын құру туралы ұсынысын республикалық бюджеттік комиссия қолдады. Қазақстандағы жолбарыстардың реинтродукциясы бойынша шараларды одан ары жүзеге асыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ресейдің Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандум әзірленді», - деді Асқар Мырзахметов.