Жолдағы дрифт: 372 жүргізуші жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Жыл басынан бері өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 226 мыңнан астам фактісі анықталды.
Атап айтқанда, көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың 5 мыңнан астам фактісінің жолы кесілді, 4 мыңнан астам қарсы қозғалыс жолағына шығу дерегі анықталды. 46 мыңнан астам көлік арнайы тұраққа қойылды.
Қауіпті көлік жүргізу және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне ерекше назар аударылады. Дрифт жасағаны үшін 372 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, Астанада дрифт жасаған жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Алматыда қала жолында дрифт жасаған жүргізуші 5 тәулікке қамалып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Мұндай әрбір фактіге құқықтық баға беріледі. Бірнеше құқық бұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілік белгіленген барлық құқық бұзушылық құрамы бойынша туындайды.
Айта кетелік Ақтөбеде көлігімен дрифт жасаған жүргізушілерге айыппұл салынған еді.