Жолдағы қараусыз мал қауіпті: ШҚО-да биыл 20-дан астам көлік малға соғылып, 32 адам жарақат алды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының жолдарында қараусыз жүрген мал жүргізушілер үшін қауіптің көзіне айналып отыр. Жыл басынан бері өңірде жылқы мен ірі қараның жолға шығып кетуіне байланысты 20-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 

жол, мал
Фото: Kazinform/ Nano Bananа

Соның салдарынан адамдар жарақат алып, көліктер зақымданып, иелері миллиондаған шығынға батты. Ал кейбір жағдайда малдың иесін анықтау мүмкін болмай, келтірілген залалды өтеу «жырға» айналған. Осы ретте, Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.

Мал иесін тез табу қиын

Тамыз айының соңында Глубокое ауданы Опытное поле ауылы маңындағы «Өскемен-Риддер» тасжолында жеңіл автокөлік жылқыға соғылды. Оқиға салдарынан көлікке айтарлықтай зақым келген. Нақты айтар болсақ, материалдық шығын көлемі 1 млн 400 мың теңгеге жетті. Жәбірленушілердің бірі Регина Тарасованың айтуынша, мал иесі әлі табылмады.

мал
Фото: Kazinform/ Nano Bananа

– Ешқайсысында таңба да, чип те жоқ. Сондықтан олардың кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін болмады. Енді барлық шығынды өзіміз өтеуге мәжбүрміз. Полиция қызметкері мал иесін әлі іздестіріп жатқандарын айтады. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Егер осы оқиғадан соң ажал құшсақ, не болар еді? – дейді ол.

Регина Тарасованың айтуынша, «Кім жауап береді?» деген сұраққа әлі күнге дейін жауап жоқ. Зардап шеккендер Опытное поле ауылдық округінің әкімдігі мен полиция жауапкершілікті бір-біріне итеріп отыр деп есептейді.

Ал Глубокое аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, іс ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 2-бөлігі бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта мал иесі іздестіріліп жатыр.

Жол апаты қай ауданда көп тіркелді?

Өткен жылы Өскемен тұрғынының көлігі кеш бата Ұлан ауданына қарасты Донское ауылы маңында жылқы үйірімен соқтығысқан. Жүргізуші мен жолаушылар қатты зардап шеккен жоқ. Тек жеңіл сырылған жарақаттармен құтылды.

Бұл жағдайда жылқылардың иесін келесі күні-ақ анықтау мүмкін болды. Көлікке келген шығын шамамен 4 млн теңгені құрады. Кейін жылқы иесі бұл соманы бөліп төлеу арқылы толығымен өтеді.

Тағы бір оқиға осы Ұлан ауданындағы Тайынты ауылы маңында болды. Бұл да кешқұрым уақытта автокөліктің тасжолға шығып кеткен жылқымен соқтығысуынан тіркелген. Адамдар зардап шеккен жоқ. Алайда мал өлді. Жылқыда таңбасы болғандықтан, иесін анықтау аса қиынға соқпапты. Ол жүргізушінің көлікті жөндеу шығындарын толық өтеп берді. Мамандар малда ен-таңбаның болуы олардың иесін тез табуға мүмкіндік беретінін айтып отыр. Егер иесі табылса, залалды өтеу туралы мәселе жылдам шешіледі. Ал егер жануарды анықтау мүмкін болмаса, зардап шеккен жүргізуші оқиғаның мән-жайын бөлек дәлелдеп, салдар үшін кім жауап беру керектігін өзі іздеуге мәжбүр болады.

қараусыз мал, көше
Фото: Kazinform/ Nano Bananа

Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, биыл облыс аумағында малдың қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 32 адам жарақат алды. Қаза болғандар жоқ. Бір қуантарлығы, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұндай жол апаттарының саны 34,4%-ға, жарақат алғандар саны 20%-ға азайған.

- Үй жануарларының жолға шығып кетуіне жол бермеу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Алматы-Өскемен», «Өскемен-Семей», «Омбы-Майқапшағай» жолдарында ұзындығы 59 мың қума метр қоршау орнатылды. Сонымен қатар жолдың астымен өтетін 29 мал өткелі салынып, төрт түлікті арнайы белгіленген орындардан айдап өткізу қажеттігін ескертетін 123 жол белгісі қойылды. «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен бірлесіп, мал иелеріне 1 мыңнан астам жарық шағылыстыратын қарғыбау таратылды. Сондай-ақ қала сыртындағы жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жануарлардың 15 макеті орнатылды. Қабылданған шаралар малдың жолдарға шығып кету қаупін азайтуға ықпал етуде. Осы жылдың тамыз айында бұл мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында қаралды. Жиын қорытындысы бойынша Ұлан және Зайсан аудандарының қалған учаскелеріне қоршау орнату жұмыстарын жалғастыру, Самар және Күршім аудандарының жолдарында да қоршаулар салу жөнінде ұсыныстар енгізілді, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындар мен қожалық иелері арасында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Учаскелерді аралау, шаруа қожалықтарына бару және жеке әңгімелесу барысында мал иелеріне қолданыстағы заңнама талаптары, мал жаю және күтіп-ұстау қағидаларын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік түсіндіріліп жатыр.

- Әсіресе малды жолдарға жақын аумақтарда қараусыз жаюға, қараусыз қалдыруға және олардың жолдың жүру бөлігіне шығып кетуіне жол бермеуге баса назар аударылған. Бұдан бөлек, полицейлер тұрғындармен кездесулер өткізіп, мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін қарастырылған жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осы бағытта 717 718 кездесу өткізілген. Мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 2 981 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнайы айыппұл тұрағына 8 125 бас мал қамалды, - делінген хабарламада.

Бүгінде жалпы саны 1 млн 300 мыңнан астам бас мал чиптелген. Оның ішінде:

– ірі қара мал – 434 517 бас;

– ұсақ мал – 647 676 бас;

– жылқы – 244 821 бас.

Заңгер не дейді?

Заңгер Алексей Божков жол қозғалысы ережелерінде көлік құралын басқаратын адам ғана емес, малшы да жүргізушіге теңестірілетіндігін түсіндірді. Яғни, жол бойымен мал айдап келе жатқан адам да жол қозғалысына қатысушы саналады.

Егер жолда көлік зақымданса немесе мал өлсе, мұның себебі неде мен келтірілген зиянды кім өтеуі тиіс деген сұрақтар туындайды. Заңгер пікірінше, бұл мәселені шешуді қиындататын тағы бір жайт бар. Мал иелері мен оларды айдап жүрген тұрғындардың жауапкершілігі автокөлік жүргізушілеріндегідей міндетті сақтандыруға жатпайды. Сондықтан жүргізуші жол-көлік оқиғасына кінәлі емес екенін дәлелдесе де, келтірілген шығынды өтеу мәселесі күрделі болуы мүмкін. Жауапкершілікті анықтау үшін апаттың барлық мән-жайы мен тараптардың әрекеттері, тіркелген жол-көлік оқиғасы арасындағы байланысты анықтау қажет.

 Алексей Бажковтың жеке мұрағатынан
Фото: Алексей Бажковтың жеке мұрағатынан

– Мәселен, жүргізуші жылдамдықты асырмай, жол қозғалысы ережелерін сақтап келе жатыр. Содан көру мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, жылқы кенеттен атып шығып, көлік астына түсті делік. Бұл бір жағдай. Ал жүргізуші жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, соның салдарынан апатқа себеп болса, жауапкершілік мәселесі мүлде басқаша қаралады, – деп түсіндірді Алексей Божков.

Мал иесін анықтау мүмкін болмаса, мәселе одан әрі ушығады. Заңгердің айтуынша, егер мал иесі табылмаса және оқиға сақтандыру жағдайына жатпаса, жүргізуші полицияға жүгініп, ірі қара немесе жылқы иесін анықтауға тырысуы қажет. Сонымен қатар мұндай жағдайда көліктің сақтандыру құжатының болуы да маңызды. Алайда сақтандыру төлемін алу мүмкіндігі келісімшарт талаптарына байланысты.

P/s: Қараусыз жүрген мал – жайылым мәселесі ғана емес, жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнген қатер. Салғырттықтың салдары адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан мал иелері төрт түлігін қараусыз жібермей, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек. Ал жауапты органдар малды есепке алу, таңбалау және чиптеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп, иесіз жүрген жануарларға қатысты бақылауды күшейткені жөн. Өйткені жолдағы қауіптің алдын алу апат болғаннан кейін кінәліні іздеуден әлдеқайда маңызды.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкент көшелерінде қараусыз жүрген жылқылар тұрғындардың наразылығын тудырғаны хабарланған.