Жолдар нашар: Елорда әкімдігі қала тұрғынының шағымына жауап берді

Бұған дейін елорда тұрғыны Facebook әлеуметтік желісінде қаладағы жолдардың біріндегі шұңқырларға шағымданған болатын.
«Өте нашар жолдарға қатысты қайда шағымдануға болатынын айта аласыздар ма? Өкінішке орай суреттерін жүктей алмаймын. Күмісбеков көшесінің бойы, одан кейін Бекетай көшесі бомба түскен сияқты шұңқырдан көрінбейді. Күмісбековтен Бөгенбай даңғылына шығар жер де оңып тұрған жоқ. Ол жерде тіпті жүру мүмкін емес. Шұңқырлардың тереңдігі 30-40 см-ге жетеді. Әріптесім дәл осы шұңқырлардан дөңгелегін тесіп алып, 8 мың теңгеге жөндетті. Күзде сол шұңқырларды кірпішпен тегістеп қойған еді. Қазір түгі де қалмады. Неге біз көлігімізді бүлдіруіміз керек? Қармен бірге асфальттің де жоғалып кеткенін ешкім көрмейді? Бұл барып тұрған бассыздық қой», - деп жазды елорда тұрғыны.
Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігіне осы мәселеге орай жүгінген болатын.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Күмісбеков көшесінің жолын Бөгенбай батыр даңғылынан Жангелдин көшесіне дейін жөндеу Бөгенбай батыр-Кенесары-Күмісбеков-Сарыарқа көшелері шекараларындағы инженерлік желілер мен жолдарды салу жобасында көзделгенін атап өтеді.
«Нысан аяқталған жоқ және пайдалануға берілмеді. Қазіргі уақытта мердігер ұйыммен келісімшартты бұзу процедурасы жүргізіліп жатыр. Жаңа мердігер ұйым анықталғанға дейін уақытша іс-шара қабылданады. Атап айтқанда, көлік құралдарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін шұңқырлар инертті материалдармен тегістеледі», - деп атап өтеді баспасөз қызметінен.