Жолдар сапасы жағынан Қазақстан 117-і орында тұр

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің атына сауал жолдаған депутат Серікбай Нұрғисаев осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, жыл басынан бері еліміздегі жолдардың техникалық талапқа сай болмауынан жолаушылар өміріне қауіп артып отыр. Яғни, жол саласының жауапкершілігін арттыратын кез жеткен. Ал әлемнің 144 еліне жүргізілген сараптама нәтижесінде еліміздің жолдары сапасы жағынан 117 орынды иеленген екен.
«Мақтанатындай жағдай емес. Әлем елдерінің тас жолдарын салыстыра отырып, баға берген Дүниежүзілік экономикалық форумының мамандары ең сапалы жолды 7 балдық көрсеткішпен белгілеген. Нәтижесінде, Қазақстанның жолдары 2,7 балға әрең ілігіпті. Кең-байтақ жеріміз бен бір-бірінен шалғайда жатқан өлкелерді жақындататын тақтайдай тегіс жол ғана екені сөзсіз. Әйтсе де қала, облыс, аудандардағы ішкі көшелердің жолы тұрмақ, ірі қалалардың арасын жалғайтын үлкен жолдарға айтылар сын аз емес», - дейді С. Нұрғисаев.
Бұл ретте депутат Алматы облысындағы «Қапшағай-Талдықорған» автожолының қайта жаңарту жұмыстарына тоқтала отырып, оның барысында орын алып отырған олқылықтарға назар аудартты.