Жолдар тез тозбауы үшін қандай материал қолданылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда автомобиль жолдарының сапасын арттыру үшін отандық полимерлі битумды қолдануға басымдық беріліп отыр. Бұл туралы «Kaztraffic 2026» халықаралық көрмесінде ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеді.
Оның сөзінше, жол салуға қажетті материалдарды таңдағанда климаттық жағдай мен көлік жүктемесін ескеру маңызды.
– Басым бағыттарымыздың бірі – елімізде өндірілетін полимермен түрлендірілген битумды қолдану. Бұл материал асфальтбетон жабынының ойылуға және жарықшақтануға төзімділігін арттырады, – деді Мақсат Қалиақпаров.
Бүгінде елімізде жол құрылысына арналған материалдар мен жаңа технологиялардың бірыңғай дерекқоры жұмыс істейді. Онда материалдар мен технологиялар, олардың сынақ нәтижелері және қолданылу аясы туралы мәліметтер жинақталған. Бұл мамандарға әр жобаға лайық материал мен технология таңдауға көмектеседі.
Сонымен бірге вице-министр жаңа материалдардың қолданыстағы жолдарда қаншалықты тиімді екенін бағалау маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, отандық және шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу жақсы нәтиже көрсеткен технологияларды өзге жол жобаларында да кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін жол саласында 8 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталғанын жазған едік.