Жолдау басты бағыттарды айқындап берді – генерал Бекайдар Қазкеев
ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті халыққа Жолдауы өзінің маңыздылығымен ерекшеленді.
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталған Жолдауда Қазақстанның жаңа дәуірдегі даму жолдары айқындалды.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Бекайдар Қазкеев Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаңа экономикалық бағыттардың мазмұны мен сипаты көптің көңілінен шыққанын жеткізді.
Б.Қазкеевтің мәлім еткеніндей, осы жылғы Жолдау ел дамуындағы негізгі бағыттарды айқындап берді.
Оның айтуынша, Жолдауда саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелермен бірге әскер қатарындағы заң мен тәртіптің сақталуына да көңіл бөлінді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», деп атап көрсетті.
«Осы орайда біздің Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы әскерлерінің алдында зор міндеттер тұр. Ең бастысы, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау, қала көшелеріндегі заң мен тәртіпті сақтау жолында жауынгерлік әзірлікті одан әрі күшейте түсуіміз қажет. Ол үшін Ұлттық ұланның әр әскери қызметшісі өзінің жеке жауапкершілігін арттырып, кәсіби шеберлігін пысықтап, әскери өмірде заң мен тәртіпті қатаң сақтауды естен шығармағаны жөн», деді генерал-майор Б.Қазбеков.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын самбошы Жандос Өтеғұловтың спортты серік еткені әскери қызметте көп пайдасын тигізгені жөнінде айтқанын жазған болатынбыз.