Жолдау ел тарихындағы аса маңызды құжат - СІМ орынбасары

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат -  Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев өзінің Щучьедегі шаңғы базасына тәнті болғандығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жолдау ел тарихындағы аса маңызды құжат - СІМ орынбасары

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді халыққа түсіндіру мақсатындағы сапар барысында вице-министр Бурабай ауданындағы еңбек ұжымдарымен кездесіп, маңызды құжатта қамтылған өзекті мәселелерді талқылады.

Щучье қаласындағы шаңғы базасында болғанында вице-министр қысқы спорт түрлері бойынша «Олимпиадалық даярлық орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын аралап көріп, қазіргі заманғы спорттық құралдармен жабдықталған орталықтың материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Сондай-ақ, еңбек ұжымымен және спортшылармен кездесіп, Жолдаудың басты міндеттерін түсіндірді. Вице-министр Олимпиадалық даярлық орталығын əлемдік деңгейдегі спорт нысаны екенін атап өтті.

«Сəулеті мен сəні келіскен мұндай нысан шетелдік спортшылар мен туристерді жəне қонақтарды тартуда маңызды болмақ. Осындай заманауи спорттық нысандарымыз бен спортшыларымыздың арқасында Қазақстанның əлемдік аренада беделі арта түседі», - деді кездесуде Ғалымжан Қойшыбаев.

Содан кейін Щучье қаласындағы №7 мектеп-лицейінің білім беру саласындағы жетістіктеріне назар аударды және «Рухани жаңғыру» бөлмесінде қоғам өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелге қатысты. Кездесуде қоғам өкілдерінің ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді.

«Бұл жолғы Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етіп, жаңа серпілістерге екпін беретіні сөзсіз. Бұл құжаттың маңыздылығы - онда халықтың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру жайы қамтылған. Ғылым, білім беру, денсаулық жəне спорт саласына көңіл бөлінуі, ең төменгі еңбекақы көлемінің өсуі арқылы халқымыздың әлеуеті көтерілетіні сөзсіз. Жолдауда көрсетілген алты бағытты жүзеге асыру арқылы халықтың тұрмыс жағдайы жақсарады. Осы тұрғыдан келгенде биылғы Жолдау ел тарихындағы аса маңызды құжат болып табылады», - деді Ғалымжан Қойшыбаев.

Сонымен қатар, вице-министр курортты өңірде туристер жиі аялдайтын жақында ашылған Бурабай мешіті мен Визит орталығында болды.