Жолдау - қоғамның барлық саласына серпін беретін нақты қадамдар бағдарламасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы - тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуы, қоғамның барлық саласына серпін беретін нақты қадамдар бағдарламасы.
«Қазақстан алюминийі» АҚ-ның 1-ЖЭО шебері, цехтың кәсіподақ комитетінің төрағасы Бейсенбай Ақжоловтың айтуынша, бұл Жолдау «Қазақстан-2050» Стратегиясының міндеттері мен алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылу стратегиялық мақсатына қол жеткізуге септігін тигізеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жолдауда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру міндеті жүктелген. Бүгінгі таңда отандық кәсіпорындар, ірі зауыттар мен өнеркәсіп кешендері шетел нарығында жоғары сұранысқа ие өнім шығаруға бағдарланған. Елімізде бастапқы өндірістен дайын өнім шығару кластері де құрылып жатыр. - Жолдауда айтылған индустрияландыру міндеті жаңа жұмыс орындарын ашуға, мемлекет қазынасына түсетін салық төлемдерін арттыруға, өндіріске жаңа технологияларды енгізуге мол мүмкіндік береді, - дейді ол. - Бұл игіліктің бәрі ел Президентінің биылғы Жолдауында айтылған. Мен Елбасының тау-кен өндірісі мен мұнай-газ кешенін қарқынды экономикалық дамыту саясатын толық қолдаймын. 25 жыл ішінде толайым табыстарға жеткен тәуелсіз еліміз биылғы Жолдауда белгіленген мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырады деген ойдамын.