Жолдау жастарға айқын бағыт-бағдар берді – сарапшы цифрлық жұмыспен қамту туралы
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық экономиканы дамыту, жастарды жұмыспен қамту және ауыл жастарына тең мүмкіндік жасау – Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген маңызды мәселелердің қатарында. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова осындай пікір білдірді.
Оның айтуынша, Президент Жолдауда жастарға қолдау білдіріп қана қоймай, ел дамуына белсенді атсалысуды және әр азаматтың өз жауапкершілігін сезінуін талап ететін нақты міндеттерді айқындады.
Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – халыққа қолжетімді цифрлық экономиканы дамыту. Найла Мұхтарованың пікірінше, интернет тек көңіл көтеріп, ақпарат тұтынатын орта болып қалмауы керек. Ол еңбек етіп, кәсіп ашуға және жаңа өнім жасауға мүмкіндік беретін кеңістікке айналуға тиіс.
– Смартфон уақытты босқа өткізетін қымбат ойыншық емес, адал табыс табудың құралы болуы тиіс, – деді сарапшы.
Ол Үкіметтің жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтуды жеңілдететін арнайы құқықтық режим әзірлеу жоспарына да назар аударды. Бұл бастама фриланс, интернет арқылы сауда жасау, цифрлық платформаларда жұмыс істеу және контент өндіру салаларындағы қызметті реттеп, оған қатысушылар үшін түсінікті әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сарапшының пайымдауынша, мұндай жұмыс түрлері қазіргі жастардың өмір салтына сай келеді. Сонымен қатар кәсіби қабілетін шыңдап, еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашады.
– Жолдаудағы тағы бір маңызды ой – адамның мүмкіндігі оның қай жерде тұратынына байланысты болмауға тиіс. Ауылдағы жас қаладағы құрдасымен бірдей бәсекеге түсе алуы керек, – дейді Найла Мұхтарова.
Оның сөзінше, бұл үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің цифрлық арналарын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекендерді газбен және сапалы ауызсумен қамтамасыз ету маңызды.
Атап айтқанда, ауыл өндірушілерінің өнімін цифрлық платформалар арқылы сатуға бағытталған пилоттық жобалар мен «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамыту өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Сарапшы мұның арқасында жастар туған жерінде де өз қабілетін іске асырып, болашағын қалыптастыруға мүмкіндік алатынын атап өтті.
Найла Мұхтарова жастарды еңбекке тарту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, оқымайтын да, жұмыс істемейтін де жастардың үлесі азайғанымен, бұл бағыттағы мәселе әлі де өзекті.
Сарапшы келтірген дерекке сәйкес, 2026 жылдың екінші тоқсанында мұндай жастардың үлесі 5,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштің артында 300 мыңнан астам жас тұр.
– Цифрлық еңбек олардың көбі үшін еңбек нарығына қайта оралудың ең қолжетімді жолы болуы мүмкін. Әрине, кез келген мүмкіндік жауапкершілікпен қатар жүреді, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, «Адал азамат» құндылықтары күнделікті өмірде де, қоғамның цифрлық өзгерістерге бейімделуі кезеңінде де маңызын жоғалтпайды.
– Жолдау жастарға айқын бағыт-бағдар берді. Ендігі ортақ міндетіміз – берілген мүмкіндіктерді нақты іске айналдырып, әр жастың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасау, – деп түйіндеді Найла Мұхтарова.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады.