Жолдау жүзеге асуда: Қарағанды облысы қой етін экспорттай бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай нарығына Қарағанды облысынан қой еті экспорттала бастады. Бұл туралы бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында аймақ басшысы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ет шаруашылығының мәселелері, әсіресе, біздің өңір үшін өте маңызды сұрақ. Біріншіден, облыста жыл соңына дейін 1 мың тонна етті экспорттау жоспарлап отырмыз. Қазір 800 тоннаға жуығын экспортқа шығарып қойдық. Негізгі мақсатымыз - қой шаруашылығын ары қарай дамыту. Шыны керек, қазір қой шаруашылығы төмендеп, ұсақ малдың саны да азайып барады. Бірақ, біздің Сарыарқа дәл сол қой шаруашылығын өрістетуге ыңғайлы мекен. Бұл ретте, екі мәселе барын айта кетейін. Біріншісі - ішкі нарықтағы сұраныс. Екіншіден, қазіргі жайылымдардың инфрақұрылымы мен суландыру жүйелері болмай тұр», - дейді Ерлан Қошанов.
Аймақ басшысының айтуына қарағанда, осы мәселе Елбасының тікелей көмегі арқылы шешіліп отыр.
«Бүгінгі күні Елбасының келісуімен қой етін Қытай нарығына экспорттау мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Алғашқы партияны экспорттадық. Жылдың аяғына дейін қытайлықтар әлі 40 мың қой сұрап отыр. Әрине, бұл біздің өңір үшін үлкен мүмкіндік. Екіншіден, жайылымдарды суландыруға қатысты Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бар. Ол жөнінде жұмыстарды бастадық: 300 мың гектарға дейінгі жайылымның инфрақұрылымдарын реттеп, суландырып келе жатырмыз. Ол үшін 1,7 млрд теңге субсидия бөлінді. Сонымен қатар, 21 құдық қазылып, 500-дей күн сәулесінің панельдері арқылы құдықтар жұмыс істеуде», - дейді облыс әкімі.