Жолдауда әр саланың өзекті проблемалары қозғалды- Баубек Сомжүрек

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа Жолдаудың халық үшін маңыздылығына қатысты Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының халықаралық байланыстар және инновация жөніндегі орынбасары Баубек Сомжүрек пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жолдауда әр саланың өзекті проблемалары қозғалды- Баубек Сомжүрек

«Елбасы Жолдауында еліміз бойынша әр саланың күрделі проблемалары қозғалды. Өзім үшін маңыздысы құжатта әлеуметтік мәселелердің жарқын көрініс табуы. Яғни 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы 1,5 есеге артады. Біз бәріміз білеміз салыстырмалы түрде шетелдерде ұстаздар, оқытушылар, полиция қызметкерлері мен дәрігерлер жоғары деңгейде жалақы алады және оларға өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы жағдай жасалған. Міне, біз де осы мақсатты көздейміз», - деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің халықаралық байланыстар және инновация жөніндегі проректоры Баубек Сомжүрек.

Одан бөлек проректор 2019-2021 жылдары үш ауысымда мектептер және мектеп жетіспеушілігін жоюға 50 млрд теңге бөлінетінін ерекше атап өтті. Бұл білім саласындағы өзекті мәселелер шешіледі деген сөз.

Оның айтуынша, жоғары білім алуда орта білім негізгі тірек екені анық. Сонымен қатар педагогтардың мәртебесіне қатысты арнайы заң жобасының әзірленетіні ерекше қуантатынын айтты.

Айта кетейік, Президент Жолдауында 2019 жылы педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылдау қажеттігін айтқан болатын.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Астанадағы Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-і ұжымы мен студенттері Елбасының жолдауын тікелей онлайн түрде тыңдады.