Жолдауда экономикалық категориялар бойынша қоғамның барлық спектрі қамтылған - сарапшы

- Жаңа жолдаудың маңызды тұстары мен ерекшелігі неде?
- Менің бағалауым бойынша, бұл - соңғы 10 жылдағы ең үздік жолдаудың бірі. Экономикалық категориялар бойынша қоғамның барлық спектрін қамтиды және мемлекеттің экономикалық саясатына баса назар аударылған. Президент алдағы саясаттың негізгі параметрлерін салалық тұрғыдан нақты атап өтті. Бұл - ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым, туризм және экономиканың басқа да негізгі салалары. Осы тұрғыдан алғанда, жолдау мінсіз. Бірақ, маған бәрінен бұрын ұнағаны - экономикалық саясаттың бюджетаралық қатынастары туралы тұсы. Біздің бағалауымыз бойынша, бюджетті орталықтандыруға шамадан тыс көңіл бөлу - аталған саланы дамытудағы тежеулердің бірі болды. Қазір Мемлекет басшысы орталықсыздандыру қажет екенін нақты атап өтті. Мысалы, елорда әкімі Қаржы министріне қарағанда қаладағы проблемаларды жақсы біледі.
- Сіздің ойыңызша, аудан әкімдері жергілікті бюджет қаражатын басқару бойынша зор жауапкершілікті моыйдарына алуға дайын ба?
- Олар сол үшін де әкім, жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Егер олар дайын болмаса, отставкаға кетуі керек.
- Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және өңдеу өнеркәсібін ілгерілету туралы не айтасыз?
- Кәсіпкерлік нормаларға байланысты біз орта бизнесті жоғалттық. Егер соңғы 5 жылдағы динамиканы қарастыратын болсақ, орта бизнес субъектілерінің саны 2 есе қысқарды. Менің ойымша, осы орайда Президент орта бизнесті қолдауымыз керектігін айтты. Неліктен бізде шағын бизнес жақсы жолға қойылған? Себебі, орта бизнеске белгілі бір салық жүктемесі бар және оны болдырмау үшін компаниялар назарды шағын бизнеске бөле бастады.
- Атом электр станциясының құрылысына қатысты референдум жарияланып, бұл мәселені халық шешетін айтылды. Осыған қатысты не ойлайсыз?
- Бұл - мемлекеттің өмірлік маңызды мәселелерді шешудегі қуатты құқықтық, конституциялық-құқықтық құралы. Заңның үстемдігі сақталатын құқықтық мемлекет мұндай жаһандық мәселелерді референдум өткізу арқылы шешеді. Заң тұрғысынан алсақ та, Президент АЭС салуға қатысты шешімді халықтың өзі шешуі керектігін нақтылап берді.
- Мемлекеттік активтерді жекешелендіру және квазимемлекеттік секторды реформалауға қатысты пікіріңіз...
- Алдағы жылдан бастап жекешелендірудің келесі кезеңі басталады. Квазимемлекеттік сектор нарықта белгілі бір үлесті алады. Жазылмаған ереже бар, квазимемлекеттік сектор жеке секторға араласпауы керек. Осы себептерге байланысты квазимемлекеттік сектордың үлес салмағын азайту міндеті тұр.
- Әңгімеңізге рахмет!