Жолдауда көтерілген әлеуметтік мәселелер қалай шешіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Жолдауда көтерілген бастамалар қалай жүзеге асады? Әлеуметтік қолдау жүйесінде қандай өзгерістер орын алмақ? Осы және өзге де маңызды сауалдарға Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасында жауап берді.

Жолдауда көтерілген әлеуметтік мәселелер қалай шешіледі
Видеодан алынған кадр

Депутаттың айтуынша, тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында және жаңа Конституция қабылданғаннан кейін жарияланған Жолдауда әлеуметтік саланы реформалауға басымдық берілген.

— Қазақстанда жыл сайын 6 трлн теңгеге жуық қаржы зейнетақы мен жәрдемақыға жұмсалады. Кейінгі жылдары оған 88 трлн теңге бағытталған. Дегенмен халықтың әл-ауқатын тек жәрдемақымен шешу мүмкін емес, — деді депутат.

Осыған байланысты Еңбек министрлігі азаматтарды әл-ауқатына қарай «А», «B», «C», «D» және «E» деген бес санатқа бөлуді жоспарлап отыр. Алғашқы екі санатқа жататын азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетілмейді. Ал 14 түрлі төлем отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалмақ. Олардың қатарында бала туған кезде және сәби 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін төлемдер де бар.

Жаңа жүйеде отбасының әл-ауқаты «Отбасының цифрлық картасы» арқылы бағаланады. Бұл ретте табысы, несиесі, көлігі мен баспанасы, жұмыспен қамтылуы, денсаулық жағдайы, білім деңгейі және мал саны ескеріледі. Жалпы ұпайы 730-дан асқан азаматтар ауқатты санатқа жатқызылады. Жүйені 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Депутаттың сөзінше, мұндай тәсіл әлеуметтік көмекті шын мұқтаж отбасыларға бағыттап, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мәселен, Қазақстанда 1,5 млн отбасы ауқатты санатқа жатады. Олардың әлеуметтік төлем алу құқығын қайта қарау арқылы үнемделген қаражатты балабақша, мектеп және оңалту орталықтарының инфрақұрылымын дамытуға жұмсау көзделген.

Бұл қажеттілік әсіресе ірі қалаларда айқын байқалады. Депутат келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстан халқының 64 пайызы қалада тұрады, оның 37 пайызы Алматы, Астана және Шымкент қалаларында шоғырланған.

— Астананың өзінде 800-ге жуық балабақша бар. Соған қарамастан, бұл балабақша тапшылығын толық шеше алмай отыр. Ал балабақша — ата-ананың жұмысқа шығуына мүмкіндік беретін экономикалық тетік, — деді спикер.

Инфрақұрылымды дамытуда ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау да маңызды. Бүгінде елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Осы бағыттағы қолдауды жүйелеу үшін Құрылтай депутаттарының бастамасымен «Дамуында ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.

Ал әлеуметтік нысандармен қатар жалпы инфрақұрылымды жаңғырту үшін Жолдауда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ұсынылды. Оның аясында 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделген.

Бұған дейін «Халықтық құрылыс» бағдарламасының отандық өндірістің дамуына серпін беретіні айтылған еді.