Жолдауда медицина саласындағы өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ – Тимур Мұратов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында медициналық оқу орындарының жанынан ауруханалар мен емханалар ашылатыны туралы хабарлады. Аталған бастама медицина саласы бойынша білім алып жатқан студенттердің тәжірибе алмасып, маман ретінде өсуіне жағдай жасайды. Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жолдауда медицина саласындағы өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ – Тимур Мұратов

«Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында медицина саласындағы өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Жолдаудағы үшінші бағдар – ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция. Әсіресе алдағы үш жылда резидентура бойынша бөлінетін грант санының 70 пайызға артатыны жағымды жаңалық болды. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша кадр тапшылығы 321 бірлікті құрап отыр. Осы орайда жастардың өз елімізде тегін әрі сапалы жоғары білім алуына мүмкіндік жасау маңызды», - деді Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, елорда халқы жыл сайын артып келеді. Сондықтан білікті мамандар қатары да толығып отыруы тиіс.

«Сондай-ақ медициналық оқу орындарының жанынан ауруханалар мен емханалар ашу студенттеріміздің тәжірибе алмасып, маман ретінде өсуіне жағдай жасайды. Бәсекеге қабілетті денсаулық саласының бірінші көрсеткіші – кәсіби мамандар, яғни білімді, тәжірибелі дәрігерлер. Президент осы мәселе төңірегінде нақты шешімдерді ортаға тастады. Жолдауда көп түйткілді мәселенің шешімі айқын көрініс тапқан. Әділетті қоғамның басты белгісі – әділетті тұрғындар. Жаңа Қазақстанның дамуы ең әуелі әр азаматтың өзіне тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн», - дейді басқарма басшысы.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейетіні туралы айтқан еді.

Сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылатыны айтылды.




Фото: tan.kz