Жолдауда түйткілді мәселелер ашық айтылды - Ақберен Елгезек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Акберен Елгезек Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президенттің биылғы Жолдауы өте мазмұнды болды. Біріншіден, Президент экономикада болып жатқан жағдайларды жасырмай айтты. Соған байланысты қабылданатын негізгі шараларды жеткізді. Бұл деген сөз билік пен халықтың арасы жақындап жатқанының белгісі ретінде көрінді маған»,- деді спикер.
Ақберен Елгезек Жолдауда айтылған Ұлттық геологиялық барлау қызметін құру жайлы өз ойын білдірді.
«Менің білуімше, Қаныш Сәтбаевтан кейін, сонау Кеңес үкіметінен кейін біздің қазба байлықтарымыз, жер қойнауымыз толық зерттелмеген. Ол біздің инвесторларды дұрыс тарта алмай отырғанымызды көрсетсе керек. Жолдауда айтылған Ұлттық геологиялық барлау қызметі жеріміздің қойнауындағы байлықты елімізге толық жеткізіп, осы бағытта отандық кәсіпкерлерімізге жұмыс жасауға мүмкіндік беру керек деп санаймын. Ол туралы Жолдауда айтылды», - деді ол.
Спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығына қатысты қатысты мәселелер де жан-жақты қозғалған.
«Президент ауыл шаруашылығындағы жемқорлық, субсидия беру жөніндегі қаншама заңсыздықтардың бетін ашып айтты. Кез келген мәселе ашық көрсетілетін болса, онда оның нәтижесі әрі қоғамның бақылауында болады. Жалпы биылғы Жолдаудың өне бойынан ашықтық, елдегі қалыптасқан жағдайды түзеу және халықтың әл-ауқатын көтеруге деген ниет анық байқалып тұр. Біз осыған қуандық», деп атап өтті Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ақын Жолдаудағы білім, қазақ тілі мәселелеріне қатысты өз ойын былайша өрбітті.
«Білімге қатысты айтылған барлық мәселелер мен тапсырмаларды қолдаймын және соның барлығы орындалады деп үміттемін. Ал қазақ тілінің мәртебесіне келер болсақ, көкірек көзі ояу, көзі ашық адамдар оны дипломатиялық қадам екенін жақсы түсінеді. Яғни, солтүстіктегі көршімізге қатысты, орыс тілі мен қазақ тілінің қолданылуына байланысты жасалған дипломатиялық қадам деп түсіндік. Алайда, ішкі саясатта, идеологиямызда қазақ тілін көтеру жұмыстары мүлде басқа арнада жүргізілу керек деп ойлаймын.
Тағы бір атап өтер нәрсе, бұрынғы Жолдауларда көбінесе Үкіметке, Парламентке және басқа органдарға тапсырма берумен шектелетін. Осы Жолдауда зиялы қауымға үндеу жасалды. Президенттің «сіздер осыған қатысыңыздар, жас дарындарды қолдау жөнінде бірлесіп мәселе шешейік» дегенінің өзі жалпы зиялы қауымды біраз көтеріп тастады деп есептеймін.
Жалпы, Жолдау бүгінгі заман ағымына, қоғамдағы қалыптасқан жағдайға, оның ішінде әлемдік жағдайға байланысты өте нақты әрі уақытылы жасалған деп санаймын»,- деп сөзін қорытындылады А.Елгезек.
Фото: adebiportal.kz