Жолдауды «әлеуметтік Жолдау» деп атауға толық болады- М.Әшімбаев

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасы Жолдауын «әлеуметтік Жолдау» деп атауға болады.

Жолдауды «әлеуметтік Жолдау» деп атауға толық болады- М.Әшімбаев

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына байланысты пікірін білдірген депутат Мәулен Әшімбаев осылай мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, Жолдау барысында Елбасы айқындаған басты 10 мақсаттың негізі әлеуметтік мақсаттардан тұрады. Ал онда жүктелген міндеттің толыққанды орындалуы халықтың тұрмыс сапасына да тікелей әсер ететін болады. «Оның ішінде бүгінгі таңда халықты алаңдататын басты мәселелерге тоқталсақ, бұлар: жақсы жұмыс, жайлы баспана, қолжетімді денсаулық сақтау және білім сапасын арттыру. Бұл бағыттағы басталған жұмысты тереңдетуге Президент нақты міндеттерді айқындап берді. Ал оны сапалы орындау жұртшылықтың өміріне тікелей сеп болатыны сөзсіз», - деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар, депутат шағын қалалардың болашағына қатысты Президент пәрменін де жоғары бағалады. Өйткені, аталған проблема елдің бірқатар өңірлерінде халықтың өзекті мәселесіне айналған болатын. «Президент жүктеген міндетті жүзеге асыру үшін Үкімет нақты бағдарлама қабылдап, депутаттық корпус соған қолдау жасайтын болады», - дейді М. Әшімбаев. 

Оның айтуынша, Елбасы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі де айқын көтерілді. «Жалпы алғанда сыбайлас жемқорлықпен күрес көптеген мемлекеттер үшін өзекті. Ал Елбасы көтерген мәселеде ең алдымен, расымен де, халықаралық тәжірибе зерделенуі шарт. Өйткені, еуропалық мемлекеттердің, Азия елдерінің қызықты тәжірибелері жеткілікті. Бұл ретте, Қазақстанның өзіндік ерекшеліктері есепке алынғаны орынды. Бұл тұрғыда парламентарийлердің алатын орны ерен», - деді ол.