Жолдауды ел Үкіметіне арналған жол картасы деуге болады - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Нұрсұлтан Назарбаевтың  Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауы мемлекеттік институттарды қайта құру тақырыбының жалғасы. Мұндай пікірді ҚазАқпараттың Бакудегі арнаулы тілшісі Бекбау Таймановқа «Атлас» саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Эльхан Шахиноғлы білдірді.

Жолдауды ел Үкіметіне арналған жол картасы деуге болады - сарапшы

«Егер бірінші үндеу президент рөлін жеңілдету мен парламенттік институттарды нығайтуға қатысты болса, ал бұл жолы Мемлекет басшысы ел дамуының нақты экономикалық жолын ұсынды», - деді сарапшы.

Мемлекет басшысының Жолдауымен  жете танысқан Шахиноғлы оны Қазақстанның болашақ үкіметі үшін жол картасы деп атауға болады деген қорытындыға келген.

«Ауыс-түйістен кейін Үкімет басшысы толықтай экономикамен айналысады және Парламентке есеп беретін болады. Бірақ, осыған қарамастан Президент өз Жолдауында Премьер-Министрдің алдына міндеттер жүктеді. Яғни, осы жолғы Жолдауында Үкіметтің алдына нақты міндет қойып отыр. Бұл жаңа индустрия құру арқылы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырып, дәстүрлі базалық салалардың, көлік пен логистиканың, құрылыс секторының дамуына серпін береді», - деді ол.

Сарапшы сонымен қатар Қазақстан Президенті Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырғанын еске салып өтті және Үкіметтің алдағы уақыттағы міндеті осы жолдан таймайтындығын жеткізді.  Шахиноғлы бұл міндеттер ендігі уақытта Президенттің айрықша құзыреті болмайтындығын ескертті.