Жолдауды насихаттау жұмыстарында кемшіліктер бар ? Мәдениет және ақпарат министрі
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бұқаралық ақпарат құралдары дағдарыс жағдайында әрбір отбасының, әрбір оқырманның кеңесшісі болуы керек. Бұл бүгінгі таңда ақпарат құралдарының басты мақсаттарының бірі деп білемін. Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед министрліктің алқа мәжілісінде айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің пікірінше, қазіргі таңда Елбасы Жолдауын насихаттау жұмыстарында біршама кемшіліктер бар. Бұл бағыттағы жұмыстар көбіне түрлі дәрістер мен брифингтер түрінде жүргізілуде. «Ал біз мақсатты топтармен жұмыс жүргізуіміз қажет. Атап айтқанда зейнеткерлер мен жастар, әскерилер мен мүмкіндігі шектеулі жандар біздің басты назарымызда болуы керек. Бұл бағытта бізге тек ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізу аздық етеді. Бізге мемлекеттік емес мекемелермен жұмысты жандандырған дұрыс», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, Жолдауды насихаттау ісіне 90-нан астам баспа және электрондық ақпарат құралдары тартылып отыр. Биыл тақырып тізімі де кеңейтіліп, осыған орай олардың мемлекеттік тапсырыс алу шарасы да жанданды. «Сондай-ақ біз Жолдаудың басым бағыттарын насихаттау бойынша әдістемелік, анықтамалық, ақпараттық материалдар беруге де күш салып отырмыз. Облыстарға жөнелтілген әдістемелік құралдармен қатар Жолдау 180 мың тиражбен басылып шығып, барлық аймақтар мен мекемелерге таратылды», - деді М.Құл-Мұхаммед.