Жолдауды тыңдап, ұстаздық жолды таңдағаныма қуандым - студент
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Василий Немцев Президенттің Жолдауын қуанышпен қабылдағанын жеткізді. Педагогика мамандығының 2-курс студенті «Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу» туралы тапсырманың мән-маңызы зор екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір студенттердің ертеңгі күні жұмысқа орналасып кетуі екіталай. Президент біз сияқты болашақ мамандар үшін ең өзекті мәселені көтерді. Сондай-ақ, Елбасы жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізуді тапсырды. «Нарықта сапалы білім беруді қамтамасыз ететін ЖОО-ын ғана қалдыру қажет» деді. Бұл - өте дұрыс шешім. Себебі, қазір қаншама жас диплом алып, жұмыссыз жүр. Ал Президент тапсырған ЖОО ірілендіру саясатынының ішіне оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы - барлығы ескеріледі. Енді төрт жыл бойы осы мамандықпен жұмыс табыла ма, табылмай ма деп уайымға салынбаймыз. Есесіне алаңсыз, сапалы білім аламыз», - дейді Василий Немцев.
Сондай-ақ, болашақ маман келер жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданатынына қолдау білдіріп отыр. Бұл маңызды құжат оның болашақ мамандығына деген сенім жүгін арттырғанын айтады.
«Мектепке мұғалім болып барғанда мен өзімнің мәртебем заңмен бекітілгенін, жалақымның күнкөріске жететінін біліп, нық сеніммен жұмыс істеймін. Бұл менің ұстаз болуға деген құлшынысымды, мамандығыма деген сүйіспеншілігімді арттыра түседі. Мамандығын сүйген адам, қашанда сапалы, табысты жұмыс істеуге тырысатыны белгілі», - дейді Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті.
Айта кетейік, бүгін Елбасы Жолдауын І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлері және студенттер қауымы үлкен экраннан тамашалады. Енді ЖОО ұжымы алдағы уақытта Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді орындау жолында кешенді іс-шаралар жоспарын құрып, жүзеге асырмақ ниетте.