Жолдаудың атауының өзінде үлкен мән жатыр - Ғалиасқар Сарыбаев
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Елбасы Жолдауына қолдау білдіріп, нұротандықтар Жолдаудағы тапсырмалардың уақтылы орындалуына бірлесіп күш жұмсайтынын жеткізді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасымыз осы уақытқа дейін 23 Жолдауын халқына жолдап, әр жыл сайын атқарылған ауқымды істер мен келешекке жоспарланған жүйелі жұмыстың ретін қазақстандықтарға көрсетіп отырады. Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі - Елбасы «Нұр Отан» партиясының бастамашыл 22 жобасының негізгі тірегі - білім мен денсаулық саласына ерекше көңіл бөліп, «Ұстаз мәртебесін» жоғарылатуды, арнайы заң енгізіп, тұғырын биік көтеруге ұсыныс жасауы болды», - дейді Ғ. Сарыбаев.
Партия өкілінің сөзінше, жаңа Жолдаудың атауының өзінде үлкен мән жатыр. Яғни, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуының өзі елімізде әлеуметтік мәселеге ерекше назар аударылып, алдағы жылы тұрмыстық жағдайдың түзелуі үшін барлық жағдай жасалатынын аңғартатынын айтады.
«Біз қашанда «адами капиталды» сақтап, ұлттық тәрбиеміздің тұғырын ұстап тұрған ұстаздар қауымының мәртебесін көтерсек, еліміздің тыныштығын сақтауда қырағылық танытып жүрген мемлекеттік қызмет, сот және ішкі істер қызметінің жұмысын оңтайландырсақ, бизнеспен табысымызды күшейтіп, 30 алдыңғы қатарлы елдің көшіне ілесуге ұмтылыс жасасақ, тұрмыстың сапасы сөзсіз артпақ. Елбасы алдағы жылы Үкіметке бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының қомақты бөлігін дәл осы әлеуметтік саланың жақсаруына бөлініп, мақсатты жұмсалуына қадағалау жасауды тапсырды. Біз нұротандықтар Елбасының бұл бастамасын қолдап қана қоймай, өз тарапымыздан берілген барлық тапсырмалардың уақытылы орындалуына бірлесіп күш жұмсаймыз», - дейді «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев.