Жолдаудың білім беру саласы үшін маңызы зор- мектеп директоры
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы Жолдаудың білім беру саласы үшін маңыздылығы зор. Бұл туралы Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Дана Ысқақова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі қоғамға маңызы бар үлкен отырыста барлық Ақмола облысының ұстаздары атынан сөз сөйлеуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Ұстаз қашан да болмасын қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңалыққа жаршы маман иесі. Сондықтан да, Елбасымыздың кезекті Жолдауы - білім беру саласы үшін маңыздылығы зор Жолдаудың бірі болды», дейді Дана Ысқақова.
Сонымен қатар, ол өзі басқарып отырған білім ордасында Жолдауда айтылғандай, халықарлық стандарттарға сай білім беру қолға алынғанын атап өтті.
«Жолдауда «Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс»,- делінген. Сонымен қатар, білім беру ісінде оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізуге баса назар аударылуда. Осыған орай, өзім жұмыс жасайтын дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқу әдістемесіне Кембридж бағдарламасы бойынша Назарбаев мектептерінің тәжірибесі енгізілді.Барлық сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына сатылап көшірілуде. Жаратылыстану-математика пәндерінің үш тілде оқытылуы жүзеге асырылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде өткен оқу жылында 5 оқушымыз республикалық, 2 оқушымыз халықаралық білім байқауларының жеңімпаздары болғандығын мақтанышпен айта аламын», - деп сөзін түйіндеді Дана Ысқақова.
Сонымен қатар, ол басқа да білім ұйымдары сияқты өзі басқарып отырға мектептің Жолдауда айтылғандай, балалар қауіпсіздігінің маңыздылығы ескеріліп, 54 бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Айта кетейік, білім саласында 2018 жылғы басымдыққа ие болған жобалардың бірі - «Тегін ІТ сыныптарын ашу». Бұл мақсатта Ақмола облысы мектептерінде 61 тегін ІТ сыныптары ашылды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында облыс орталығы Көкшетау қаласында тұңғыш рет 900 оқушыға арналған қазақ тіліндегі ІТ мектеп-лицейі ашылды. Барлық заманауи технологиялармен жабдықталған мектеп-лицейінде оқушыларға ІТ саласында тереңдетілген білім беруге толық мүмкіндік бар. Оқушылардың бойында отансүйгіштікті, ұлтжандылықты, патриотизмді қалыптастыратын «Жас ұлан», «Жас қыран» атты клубтар жұмыс істейді. Алдағы тұрған міндеттердің бірі - «Сарбаз» бірлестіктерін құрып, әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту. Биылғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алғаш рет облыстың 70 оқушысы Қызылорда облысының киелі жерлерімен танысу мақсатында саяхатқа барып қайтты. Бұл бастама - мектеп туризмін дамытудың алғашқы қадамы болып отырған жайы бар.