Жолдаулардағы бекітілген бағдарламалардың негізделуі мен жүзеге асырылу тарихы жеке зерттеуге лайық жоба - Саттар Мәжитов

АЛМАТЫ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы бүкіл халықтың қолдауына ие.

Жолдаулардағы бекітілген бағдарламалардың негізделуі мен жүзеге асырылу тарихы жеке зерттеуге лайық жоба - Саттар  Мәжитов

Президенттің халыққа Жолдауындағы аталған өзекті мәселелер тарихшылардың жаңа зерттеулеріне негіз болады. Бұл туралы бүгін Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған «Тәуелсіз Қазақстан: жетістіктері мен болашағы» атты ғылыми-теориялық конференция барысында айтылды.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, РЖҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитовтың пікірінше, Жолдаулардағы бекітілген бағдарламалардың негізделуі мен жүзеге асырылу тарихы жеке зерттеуге лайық жоба.

«Сондықтан біз елдің даму салаларының жетістіктерін біріктіретін монографиялық зерттеулер сериясын жүзеге асыруға кірісуіміз керек. Тәуелсіздік кезіндегі ірі мәселелерді туындатқан тарихи жағдайлар жайлы құжаттар мен материалдарды іздеу мен анықтауды жалғастыра беруіміз қажет»,-деді ол.

Конференция жұмысына Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, «Ғылым ордасының», Орталық ғылыми кітапхананың алдыңғы қатарлы қызметкерлері және «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының мүшелері қатысты.

Конференцияда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы талданып, талқыланды. Атап айтқанда, 20 жыл ішіндегі тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен елдің ішкі және сыртқы саясат саласындағы нәтижелері көрсетіліп, жеделдетілген экономикалық жаңғыртудың үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасының жалғасы екендігіне назар аударылды, ұлтаралық келісім мен конфессионалдық жарасымдылықты сақтау жолындағы нақты нәтижелер талданды. Сонымен қатар ҚР БҒМ -нің, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жолдау аясындағы атқарылған іс-шаралары мен оның орындалу барысы сараланды. Сондай-ақ, Елбасының Жолдауында белгіленген әлеуметтік саясат пен адами құндылықтардың жаңа стратегиясы атап көрсетілді. Сонымен бірге, ғылым дамуының міндеттеріне сай, Жолдауда көрсетілген өзекті мәселелер бойынша зерттеулердің жалғастырылу қажеттілігі баста назарға қойылды.