«Жолды Ресей жағы байлап тұр» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 15 шілде, сейсенбі күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» газетінде «Жүзбелі сауда нүктесі» атты мақала берілген. Атырауда алғаш рет Жайық өзенінде жүзбелі сауда нүктесі ашылып, балық пен балық өнімдерін ұсына бастады. Өңір жұртшылығына арзан бағамен «су маржанын» сатуға «Амангелді» өндірістік кооперативі оң қадам жасап отыр. Балық аулап, бірнеше түрлі балық өнімдерін шығаратын кооператив басшысы Мұрат Әмірғалиевтің айтуынша, тірі балық түрлерін сатуға «Казахрыбхоз» қауымдастығы ұсыныс жасапты. Бұл ұсынысқа жергілікті әкімдік қолдау білдіріпті. Жайық өзені үстіндегі жүзбелі сауда нүктесі таңғы сағат 10-нан кешке дейін жұмыс жасайды. Мұнда сатылатын балықтың бағасы қала базарларындағыдан әлдеқайда, тіпті екі есеге жуық арзан деуге болады. Мәселен, тірі сазанның бір килосы 300 теңгеден саудаланады. Тірі балықтың түріне қарай баға да әртүрлі, ең арзаны 80 теңге болса, ең қымбатының бағасы 350 тұрады. Бұған тұрғындар да ризашылығын алғашқы күннен білдіре бастады.
Осы басылымда «Ақылды оқушылар аламаны» деген мақала жарияланды. Елдік мерейімізді асырған тағы бір игілікті шара елордада көрініс тапты. Ол физика пәнінен оқушылардың 45-ші Халықаралық олимпиадасы еді. Астанамыздың айбынын асырған Бейбітшілік және келісім сарайында тұсауы кесілген ақылдылардың білім сайысын Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ашып, 88 мемлекеттен келген 1000-ға тарта адамға еліміздің оқу жүйесіндегі стратегиялық мақсат, міндеттерді таныстырды. Ұлттық модельдің басым бағыты - зияткерлік элитаны қалыптастыру екенін тілге тиек етті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салаға жасап жатқан ерекше қамқорлығын тарата айтып, дарынды оқушыларымыздың әлемдік білім сайысында топ жарып жүргенін, оған осының алдында Сингапурда болған олимпиадада үш бірдей алтынды қанжығаға байлағанымызды дәйекке келтірді. Ол бұдан кейін, төрткүл дүниеден білім бәйгесіне келген 700 оқушыға сәт сапар тіледі.
***
«Елбасы өткен жылдардың қатпарында қалған бір жолдауында «2020 жылы халқымыз 20 миллионға жетуі тиіс» деген әңгіме қозғаған. Бұл тақырып әр түрлі ортада қызу талқыланды. 20 миллиондық межеге жету жолдары қарастырылды. Бірақ уақыт өте келе Статистика комитеті 2020 жылы небәрі 18 миллионнан асып жығыламыз деген болжам жасаған. Неге? Ол жағы бізге енді белгісіз. Бірақ 20 миллиондық деңгейге көтеріле алмауымыздың түрлі себептері бар екені анық. Әрине, елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігі сөз жоқ демографияға әсер етері рас. Бұл - бір. Екіншісі жастардың үйленбей жүріп (жұмыссыздық, өзге тұрмақ өз басын дұрыс асырай алмауы) алуы»,- деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қайтсек көбейеміз?» атты мақаласында. Демографияға айтарлықтай әсер етіп отырған бір мәселе, қыз-келіншектеріміздің аборт жасатуға тым үйірсектігі. Нақты деректерге сүйенер болсақ, жыл сайын елімізде 170 мың сәби жасанды түсіктің құрбаны болады екен. Бұл - тіркелгені. Ал тіркелмегені қанша?..
Осы басылымда «Жолды Ресей жағы байлап тұр» деген мақала берілген. Қазақстан бастамашы болған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» «мега-жобасының» ары қарайғы «тағдыры» белгілі болды. Өйткені бұл халықаралық автокөлік дәлізінің құрылысы біздің елімізде аяқталуға таяу. Аспанасты елі де өздеріне тиесілі телімді толық ашуға қызу даярлауда. Алайда жаңа жобаның Ресей Федерациясы аумағындағы жалғасы онша жылжымай тұрған еді. Өткен сенбіде Орынборда арнайы ұйымдастырылған кеңесте солтүстік көршіміз ақыры осыған қатысты өз жоспарын жария етті. РФ көлік министрі Максим Соколов «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің өздері жауапты бөлігін 2020 жылға қарай ретке келтіріп болатындарын хабарлады: «Ресей осы халықаралық дәлізге қатыстырылатын көліктік инфрақұрылымды 2020 жылға қарай құруды жоспарлап отыр» деді ол.
Бір айта кетер жайт, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» бағытының жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырым. Оның ішінде 3,4 мың шақырымы Қытай аумағына келеді, тағы 2,8 мыңдай шақырымы Қазақстан жерін басып өтеді, қалған 2,2 мың шақырымы Ресей аумағы арқылы жүреді. Солтүстік көршімізде осы «мега-жоба» бойынша негізгі жұмыстар Приволжский федералды округінде жүреді екен. Сарапшылар арасында Ресейдің «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасына немқұрайды қарап отырғандығы, оған салуға қаржысының жетпеу мүмкіндігі туралы пікірлер айтылатын, дегенмен, оның табысты боларына бұл ел үкіметінің де көзі жете бастағанға, тиісінше, қаражат табуға ден қойғанға ұқсайды.
***
«Ана тілі» басылымының соңғы санында «Тұран-ауыл» туризмге сұранып тұр...» деген мақала жарияланды. «Қазақ елінде табиғаты әсем, тау-тасы тарихқа бай шұрайлы жерлер өте көп. Осыны біле тұра, өзімізде барды бағалай алмай, шетелге ағылатынымыз екінің біріне аян. Отандық туризмді дамытуға үлес қосудың орнына, қалтадағы қаржыны шетелдің қоржынына құйып жатамыз. Бұған елдегі демалыс орындарының жарнамасы жоқтығы да себеп болар. Оның үстіне бойымызда елдегі демалыс орындарының қызмет көрсету сапасы нашар, бағасы қымбат деген күдік те басым»,- деп жазады мақала авторы. Жақында бір топ журналистер жол түсіп, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы «Балқаш-Нұрсая» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Тұран-ауыл» жастар лагерінің ашылу салтанатына қатысқан екен. «Тұран-ауыл» халықаралық жастар лагері - қазақтың тілін, салт-дәстүрін, қолөнерін, музыкасын, спортын насихаттайтын және оны әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде өзге елдің жастарына көрсететін бірегей орталық.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Сын - за отцом» деген материал басылды. Интерпол Ілияс Храпуновқа іздеу жариялады. Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтың ұлына ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және басқарды, сондай-ақ қаржыны, заңсыз жолмен келген мүлікті заңдастырды деген айып тағылған. ***
«Арман достар ордасы» атты республикадағы ең үлкен студенттік жатақхана Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті кампусы орталығында салынды, деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Большой студенческий дом» атты материалында. 9 қабатты жатақхана ҚР БҒМ тапсырысы бойынша «Студенттік баспана» бағдарламасы аясында салынды. Бұл нысан 822 орынға есептелген екен. Бір секцияға екі бөлмеден кіреді және әр бөлме 2-3 адамға арналған.