«Жолдың 80 пайызы жаңарады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 30 маусым, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Жолдың 80 пайызы жаңарады» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Шығыстану археографикалық экспеди­ция­лары­ның шетел мұрағаттарынан, кітапханала­ры мен музейлерінен тапқан материалдары - бірегей жәді­герлер, бұл жаңа дереккөздердің жариялануының әлемдік тарих ғылымында маңызды мәні бар. «Халық тарих толқынында» бағдарламасының аясында жинақталған мол тарихи деректемелер мен материалдарды жүйелеу, тізбесін жасау, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу және жариялау жұмыстарын атқару мақсатында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жанынан тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық Ақпарат орталығы құрылды. Бұл міндетті орындауда ілгеріде аталған мемлекеттік бағдарламалардың аясында көрші елдердің мұрағаттары мен деректемелер қорларында жұмыс атқарған шығыстану экспедициялары ауқымды істер тындырды. Осы орайда, әсіресе, ҚХР-дың бірінші тарихи мұрағатынан қазақ тарихына қатысты көптеген құнды материалдар табыл­ғанын атап айтуымыз қажет. Онда қазақ-қытай, қазақ-орыс, қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-ойрат дип­ломатиялық қатынастары туралы, қазақ хандарының Бейжіңге Боғда Ежен ханға барған елшілері, олардың грамоталармен марапатталғаны, қазақ-қытай саудасы туралы, қазақтардың тұрмысы, дәстүрлері жайлы құжаттар көп екені анықталды. Оларда қазақ халқының саны, батырлары мен билері туралы, қазақ рулары туралы мәліметтер мол. Шығыстану археографикалық экспедициясы жұмысының нәтижесінде ҚХР-да Қазақ хандығы мен Цин империясының 1741-1811 жылдардағы қарым-қатынастарының тарихын көрсететін екі ел билеушілерінің жазысқан ресми хаттары табылды. Осы жайында «Қазақ хандығы: жаңа дерек, тың пайым» атты көлемді мақаладан толық оқи аласыздар.

Бас басылымда « Тегін такси » деген материал жаряланды. Қасиетті Рамазан айының екінші жексен­­­бісінде аягөздік­терге тегін такси қызметі ұсынылды. Аудан әкімдігі, қалалық мешіт және жастар орталығы ұйымдастырған ізгі акция аясында қала тұрғындары мен қонақтары бір күн бойы тегін таксимен жүрді. Таңсәріден мешітке қарай ағылған аягөздік жастар Рамазан айының құрметіне орай қолға алынған игілікті іске белсене атсалысты. Аягөз қалалық мешітінің имамы Думан Нәдірұлы күллі мұсылманның қасиетті айында атқарылған қайырымдылық істердің сауабы мол болатынын жеткізіп, қолға алынған ізгі істің берекелі болуына, елдің ынтымағын арттырар шараға айналуына тілектестігін білдірді. Жексенбі - қала тұрғын­дары­ның басым бөлігі бос уақытын пайдаланып, базар аралайтын күн. Бұл күні Аягөздегі «Жақ­сылық» орталық базарына келу­шілер «Рамазан айы құр­метіне тегін такси» деген жазулары бар автокөліктерге таңырқай қарасты. «Мешіт» жазуы бар жасыл түсті кеудемше киген көлік жүргізуші­лері базаршылаған тұрғындардың қолда­рындағы жүктерін көтерісіп, көліктеріне отырғызып, діттеген жеріне жеткізіп тастап отырды.

***

«Кеше Алматыдағы «Интерконтиненталь» қонақүйінде «Орталық Азия және Ресейдегі еңбек миграциясын басқаруды жетілдіру» тақырыбында конференция өтті. Шара аясында Орталық Азиядағы көшіп-қонуға байланысты стратегиялық, бағдарламалық және институционалдық мәселелер және оларды шешудің қажеттігі жайлы айтылды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы « Еңбек миграциясы - елеулі мәселе» деген мақаласында. Конференцияға Армения, Қазақ­стан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Молдова, Ресей, Өзбекстан, Украина, Филиппин, Германия елдерінің еңбек және әлеуметтік қорғау министрлік­терінің өкілдері, Халықаралық еңбек ұйымының жетекшілері, Дүниежүзілік банктің мамандары қатысып, тәжіри­белерімен, пікірлерімен бөлісті. Конфе­ренцияда сөз алған Еуразиялық эко­номикалық комиссияның экономика және қаржылық саясат жөніндегі кол­легияның Мүшесі (Министр) Секре­тариат жетекшісі Асқар Кишкембаев ЕАЭО жұмыс істеуі, мигранттардың жұмысқа орналасуы, «Еңбек мигра­ция­сы» туралы баяндады. «ЕАЭО келісімшартының «Еңбек миграциясы» тарауында өзге мемле­кеттерде жұмысқа тұрған азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне жа­салатын жағдайлар мен жұмысқа тұру кезінде қойылатын талаптар бар. Аза­маттарды тіркеу мен әлеуметтік қам­сыздандыру мәселелері де қамтылған. Келісімшарт бойынша жұмысшы ми­гранттарды әлеуметтік қамсыздандыру жұмысқа орналасқан мемлекеттің заң­намасына сай іске асады. Сонымен қа­тар жұмысшы мигрант пен оның от­басы мүшелері жедел медициналық кө­мек пен өзге де медициналық жәрдем алуға құқылы. Тіпті балаларын сол ел­дің заңнамасына сәйкес мектепке дейін­гі мекемелерге бере алады» дедi Асқар Кишкембаев.

Осы басылымда «Жолдың 80 пайызы жаңарады» атты мақала берілген. 2020 жылға қарай Қазақстандағы көлiк магистральдарының 80 пайызы жоғары сапада болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Ерлан Қарин мәлiм еттi. Оның айтуынша, бұған Қазақ­стан­ның көлiктiк-транзиттiк жүйе­сiн дамыту бағдарламасы арқылы қол жеткiзiледi.

- Бұл стратегияны жүзеге асыру барысында iшкi көлiк жүйемiз жаңа­рады. Бүгiнде сарапшылардың де­рек­терi бойынша, елiмiзде магис­траль­дардың 70 пайызы ескi күйде. Алдағы бес жылда бөлiнетiн қыруар қаражаттың негiзiнде 2020 жылы магистральдардың 80 пайызы жақсы деңгейде, 19 пайызы қанағаттанар­лық сапада болады дедi ол. Сонымен қатар Қазақстанда 300-ге тарта вокзал жөндеуден өтедi.

***

«Жуырда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында орналасқан «Әулие Ырғызбай» кешенінің директоры Болат Тағабаймен жүздесудің сәті түсті. Ол өзінің негізгі қызметінен бөлек, асық жинаумен айналысады екен. Жинаған асықтары бүгінгі таңда 50 мыңға жетіпті. Ал 35 мыңға жеткенде -ақ асықтары халықаралық рекорд тар кітабына еніпті», - деп жазады «Ана тілі» газеті соңғы санындағы «Асықтарымды 100 мыңға жеткізсем» атты мақаласында. Асық жинауды бала кезінен серік еткен азамат алғашқы кезде оны 1 дорбаға, содан кейін 2 дорбаға салып, кейіннен олардың саны көбейген сайын сандықтарға салып сақтайтын болыпты. Осылайша бірте-бірте 50 мыңға жетіпті. Асықтардың түрлері әрқилы. Оның ішінде көп кездесетіні қой асығы. Арасында құлжа да кездеседі. - Құлжа - арқардың асы­ғы. Ол да сақаның орнына қолданылады. Кезінде қор­ғасын құятынбыз, қазір қорғасын құйылмайды. Біз­дің ауылдың балалары асықты жақсы ойнайды. Сайыс­тар ұйымдастырамыз. Бәйге тігеміз. Жастардың, тіпті үлкендердің өзі асыққа қызығып, құмарта ойнайды. Асық ойнап өскен бала жастайынан шапшаңдықты, мергендікті, ептілікті үйренеді. Ойы да ұшқыр, қиялы да бай болады. Бұл өзіміздің ұлттық спортымыздың бір түрі ғой. Оны ұмыт қалдыруға болмайды. Менің асық жинаудағы мақсатым да осы. Адамдардың қызығушылығын ояту, асық ойындарын насихаттау. Саны 50 мыңнан асып жығылатын асықтарды көргендер таң қалып: «Мұның барлығын қалай жинадыңыз» дейді. Бір байқайтыным, соңғы кездері қыздарымыз да асық ойнауды үйреніп, машықтанып жүр, - дейді Болат Тағабай. Бір айта кетерлігі, ұлттық ойынға жанашыр болып жүрген азамат былтыр Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Асық ату» федерациясының филиалы ашылып, соның басшысы болып тағайындалыпты. «Ендігі мақсатым - 2017 жылға дейін асықтардың санын 100 мыңға жеткізіп, ұлттық дәстүрге сай дүниені Елордамыз - Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне апару» дейді Болат Тағабай.