Жолға ағаш еккен бір сауап...

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Біз таза қала үшін» санитарлық тазарту, көгалдандыру және абаттандыру бойынша дәстүрлі жалпы қалалық сенбілік өтіп жатыр. Ол 10 қыркүйек-10 қазан аралығында өтетін экологиялық айлық аясында ұйымдастырылды.

Жолға ағаш еккен бір сауап...

Іс-шараға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, мемлекеттік орган өкілдері, депутаттар, мұғалімдер, медицина қызметкерлері, мектеп оқушылары, студенттер мен қала тұрғындары қатысуда.

Жалпы қалалық экологиялық сенбілік аясында қалалық және республикалық ұйымдар «Астана-Зеленстрой» АҚ бірлесіп 4 мыңнан астам көшет отырғызады.

Алматы ауданында Ақжол және №14 көшелердің қиылысында қау жапырақты шегіршін, сүмбіл терек, қызыл тал, үйеңкі мен жиде ағашының 1848 көшеті отырғызылмақ.

Сарыарқа ауданында Тілендиев даңғылы бойынша Придорожный көшесінен бастап солтүстік-батыс айналма жолына дейін және Сарыарқа-Абай көшелерінің қиылысындағы саябақта 646 ағаш отырғызу көзделген. Мұнда терек, үйеңкі, қарағай, балқарағай отырғызылады.

Есіл ауданында 1545 көшет отырғызылмақ: Тұран даңғылы №31 көшеден «Астана жұлдызы» монументіне дейін ұсақ жапырақты шегіршін, ал Ботаникалық бақ ауданына қарағай, арша, қайың, шетен және зерек ағаштары отырғызылады.

Жалпы қалалық сенбілік аясында алуан түрлі ағаштан 4039 түп отырғызу жоспарланған.

Сонымен қатар, жиналған қоқысты тиеу бойынша жүк тиегіш техника мен бригада ұсынылды. Қала басшысының тапсырма-жоспарына сәйкес, Энергетика, көлік және құрылыс басқармасынан ластанған жерлерді тазалау және оны полигонға уақытылы көму үшін 30 жүк тиеуіш және 90 үлкен жүк тасымалдайтын машина бөлінеді. Бұдан басқа, коммуналдық, құрылыс және қаладағы басқа да кәсіпорындардың механизацияланған техникасы толық тартылады.

Сенбілік пен экологиялық айлықты өткізуді қаланы көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазарту, абаттандыру бойынша жұмыстарды жүргізуді бақылайтын және тікелей жауапты шаһар басшысы бекіткен қалалық штаб, аудан әкімдіктері, қалалық департаменттер мен басқармалардың басшылары қамтамасыз етеді.