Жолшылар 650 автокөлікті қар құрсауынан шығарып, 800-ге жуық адамды эвакуациялады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қыс қаһараны мініп тұр. Қыс басталғалы жолшылар 650 автокөлікті қар құрсауынан шығарып, 800-ге жуық адамды эвакуациялаған. Бұл туралы KazAvtoJol мәлім етті.

Еліміздің барлық аймағында, әсіресе оңтүстік облыстарда қалың қар жауып, боран соғуда. Айталық, Жамбыл облысында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жауын-шашын қалыпты мөлшерден екі есеге көп түскен. Әдетте, қалың жауған қардың соңы дауылды желге ұласады.
Ал, табиғаттың бұл тосын мінезі автожолдарда шектеулі көрініс және төтенше жағдайларға әкелетіні белгілі. Жолшылар республикалық маңызы бар автожолдарды пайдаланушыларға барынша көмек қолын созып отыр.
Қыс басталғаннан бері «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметкерлері 650-ден астам көлікті қар құрсауынан шығарып, 800-ге жуық адамды эвакуациялады. Атап айтқанда, ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларды жол бойындағы жылу пункттеріне жеткізді. Олар ыстық тамақ, сусын және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілді. Одан бөлек, қажеттілікке байланысты жолда сынып қалған кейбір көліктерді жол жөндеу учаскелерінің жылы гараждарына сүйреп апарып, автокөліктерді қалпына келтіруге көмек көрсетті.