Жолы жақсының табысы толағай - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 желтоқсан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
« Егемен Қазақстан » басылымының бүгiнгi санында Елбасының "Нұрлы жол" бағдарламасында айтылған жол құрылысына қатысты мәселелердi екшейтiн « Жолы жақсының табысы толағай » атты толымды мақала жарияланды.
«Транзитке қолайлы ахуал орнатып жатқан Қазақстан, физикалық және т.б. кедергілерді жоя отырып, Шығыс пен Батыс арасында құрлықтық көпір ретінде орнығып, Қытайдың батысынан Еуропа, Ресей, Парсы шығанағы, Орталық Азия және Кавказ елдерінен тасымалданатын тауарларға жол ашты. Десе де, мемлекеттік стратегия көздеп отырған экономиканың әртараптандырылуы және осы жағдаймен байланысты жеткізілім тізбегінің қиындауы, Кеден одағы шеңберінде бәсекелестіктің артуы, отандық өнімді ғаламдық нарыққа қысылмай жеткізу қажеттілігі Қазақстан экономикасының көліктік-логистикалық жүйесін жаңа сапалы деңгейге көтеруді талап етеді. Осыған орай Елбасы республиканың тиімді стратегиясын жүзеге асыруда жаңа міндеттер жүктеді. Бұл стратегия жоғары бәсекелестік деңгейіне жететін көліктік-логистикалық жүйеге қол жеткізуді көздейді. Бірінші, еліміз Еуразиялық аймақтың басты логистикалық және транзиттік күшіне айналуы шарт. Екінші, экспорттық әлеуетті барынша пайдалана отырып, ұлттық экономиканың ішкі қажеттіліктерін өтеу керек. Үшінші, халықтың осы жаңа мақсатқа, қызметке бейімділігін арттыру аса қажет. Ол үшін дәстүрлі тар мекемелік тәсілдерден бас тартып, көліктік-логистикалық жүйені қалыптастыру мен басқарудың қазіргі заманғы әдісін меңгерген жөн. Көліктік-логистикалық бизнес субъектілерінің, мемлекеттік бақылау, кедендік-шекаралық әкімшілік органдарының, сондай-ақ, инфрақұрылым нысандарының өзара қарым-қатынас жүйесін дұрыс құра білу маңызды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Германия, АҚШ, БАӘ мен Сингапурдың ең озық әлемдік тәжірибесін нақты қолданатын кез келді», - делiнедi мақалада.
« Таутұлға » атты тақырыппен жарияланған « Егемен Қазақстанның » келесi материалында ХХ ғасырдың басында қазақтың маңдайына бiткен атақты сайыпқыран саясаткер Тұрар Рысқұловқа арналып отыр.
«Елдегі ашаршылық пен өлім-жітім жөнінде жандайшаптар жақ ашпай, Мәскеуге барғанда үнсіз қалған. Қазақстандағы жағдаят жайында жарытымды ресми мәселе қоятын ешкім табылмаған да осы тұс. Ал оны батырып та, ашынып та айтқан Рысқұлов екен. Қаһарман Рысқұлов! Ол Сталин алдына халықты отырықшылыққа үйрету мен санын азайтпау, аштықты жою мәселелерін қойған. Үрейлі цифрлар не дейді? «1932 жылдың 5-6 қаңтарында Әулиеата қаласындағы шайханалардан 20 баланың өлігі жиналып алынған және 84 ересек адам өлген. Бір ғана Сарысу ауданындағы 7000 үйден 500 үй қалған. Торғай ауданында 25 мың адам тұратын ауылдарында егу жұмыстарын небәрі 1 адам ғана жүргізген. Балқаш ауданындағы 60 мың халықтың 36 мыңы қаза тапқан. Халық өсімдік тамырлары мен ұсақ кемірушілерді, тіпті, адам өлігін жеуге дейін барды», - деп жазады мақала авторы.
***
Кеше Қазақстанда индустрияландырудың екінші «бесжылдығы» бастау алды, деп жазады «Айқын» басылымы «Индустрия мен инновация - дамудың «нұрлы жолы» атты мақаласында.
«Бұл күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен, бірден үш іс-шараны біріктірген «Индустрияландыру күні» өтті. Оның бірінші бөлімінде Премьер К.Мәсімов пен Үкімет мүшелері Президенттің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлығын беткеұстар бизнесмендер мен отандық озық кәсіпорындарға табыстады. Сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Осыдан кейін басталған негізгі бөлімде «Қазақстанды жаңаша индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» атты жалпыұлттық телекөпір ұйымдастырылды. Телекөпір барысында Қазақстан Көшбасшысы «Индустрияландыру картасының» 15 жаңа жобасына өмірге жолдама берді», - делiнген мақалада.
Астанадағы «Aray Madia Group» студиясы ертегiлер мен аңыздардан тұратын «Жұлдызды аңыз-ертегiлер» атты сайтты жасап шықты. Бұл туралы « Айқын » газетi хабарлауда.
«Күні кеше жұлдыздар оқыған ертегілер топтастырылған еrtegiler.kz сайтының таныстырылымы өтті. Бұл жоба «Нұр Отан» партиясының «Балалық шақ» атты бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр», - делiнген « Жұлдыздар ертегi оқыды » атты мақалада.
Басылымның жазуынша, еrtegiler.kz сайты еліміздегі өнер шеберлерінің қатысуымен дайындалған қазақтың халық ертегілері мен аңыздарының бірегей аудио-нұсқасынан тұрады. Сайтта әр ертегіні онлайн тыңдауға, жүктеп алуға немесе мобильдік қосымша арқылы жүктеуге арналған батырма бар.
«Aray Madia Group» студиясы өкілдерінің айтуынша, мобильдi нұсқа қаңтар айынан бастап iске қосылады. Сонда интернетке кіріп, өзiңiзге ұнаған ертегiнi жүктеп алуға болады. Бүгіндері сайтқа өңделген 12 ертегі енгізілген - «Ұр, тоқпақ», «Үш қу», «Алтын ат», «Қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер», «Батыл есек», «Жарты төстік», «Асан неге «Қайғы» атанған?», «Алтын балта», «Алпыстан асқаннан ақыл сұра», «Ару аққу мен Баба түкті шашты Әзиз». Жаңа жылға дейін тағы 24 аңыз-ертегі орналастырылады екен.
«Бұл ертегілерді кім оқығанын білесіз бе? Олардың арасында дәстүрлі әншілер Гүлмира Сарина мен Ерлан Рысқали, опера әншісі Сүндет Байғожин, әзіл-сықақ театрының артисі Тұрсынбек Қабатов, тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев, «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы, эстрада әншілері Қарақат Әбілдина, Жанар Айжанова, Әли Оқапов, Алмас Кішкенбаев, Жанар Доғалова, Ардақ Балажанова, айтыскер ақын Балғынбек Имашев, дирижер Динара Тілендиева, сондай-ақ телеарна арқылы танымал болған Айгерім Есенәлі мен Майя Веронская бар», - делiнген материалда.
***
Депутат Алмас Тұртаев, екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин, әнші Алмас Кішкенбаев, айтыскер ақын Еркін Садықұлы, жас ғалым Асхат Мыңбай, әлемдік сән сахнасына қазақы өнерді дамытуға құштар жас дизайнер Ая Бапани кіндік қаны тамған жерге тағзым етті, деп хабарлайды « Түркiстан » басылымы "С ыр бойының түлектері кіндік қаны тамған жерде ... » атты тақырыппен жарияланған мақалада.
«Қызылорда қаласында өткізілген «Туған жерге тағзым» атты І Патриоттық жастар форумының басты мақсаты Сыр бойынан түлеп ұшқан танымал жастардың басын туған жерде қосып, Қызылорда өңірі мен Қазақ елін дамытуға бірге атсалысуға үндеу болатын. Ұлтымыздың, жалпы халқымыздың ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күніне орайластырылған бұл шараны ұйымдастыруға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мұрындық болды. Патриоттық форумға қатысқандар тізімінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев, екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин, әнші Алмас Кішкенбаев, айтыскер ақын Еркін Садықұлы, жас ғалым Асхат Мыңбай, әлемдік сән сахнасына қазақы өнерді дамытуға құштар жас дизайнер Ая Бапани т.б. бірге журналист ретінде біз де қатыстық. Форумның ашылу салтанаты «Жалынды патриот» флеш-мобымен басталды. Содан кейін делегаттар облыстағы жас кәсіпкерлердің көрмесіне қатысты. Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ақниет» бағдарламасының нәтижесінде талай қандас екі қолға бір күрек тауыпты. Бұл туралы Қырымбек Елеуұлы: «Өмірде өзінің орнын алам деп, болашаққа талпынып, орта және шағын бизнесте елдің игілігіне жұмыс істеймін деген, өзінің қоғамдағы орнын нақтылау үшін алға ұмтылған адамдарға бір мүмкіндік керек. Әсіресе, ауылдық жерде. Нарықтық экономиканың көсемі Адам Смит емес, қара қазақтан қалған сөз: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Жобаның нәтижелі болуына әкімдер жауапты деп есептеймін. «Ақниет» бағдарламасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жақсаруына оң ықпал етіп, серпін береді деген сенім бар», - дейді. «Әлеуметтік кәсіпкер», «Жаңалық», «Қолөнер», «Қамқор», «Бастама» және «Игілік» деген алты бағыт бойынша жүзеге асырылатын «Ақниет» бағдарламасының арқасында жүздеген адам грант алып, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Мәселен, форум барысында ұйымдастырылған көрмеде қайтарымсыз грант алып, темір пісіру кәсібінен нәпақа тапқан, жиһаз жасап, оны жергілікті нарыққа шығарған ағайын «Ақниетке» алғысын айтты. Сонымен қатар аталған көрмеде жас ғалымдардың инновациялық жобалары таныстырылды. Бабадан балаға мирас болған ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер мен қазақы тұрмыс-тіршілікке қатысты пайдалы кеңестер қазіргі ұрпақтың санасынан біртіндеп өшіп барады. Бізге мектеп оқушылары ұсынған кір сабын жасауға қатысты жоба қатты ұнады», - делiнедi мақалада.
***
«Қомақты соманы қайырымдылыққа жұмсаған қаңғыбас америкалыққа жұрт 74 мың АҚШ долларын жинап бердi», - деп жазады "Экспресс К" басылымы "Бездомному альтруисту собрали 74 тысячи долларов" атты мақаласында.
Лос-Анджелестiк видеоблогер Джош Пэлер Лин үйсiзге 100 доллар берiп, ол қаражатты қайда жұмсайтынын бiлу үшiн оның артынан аңдиды. Блогердiң "Үйсiз адам 100 долларды қайда жұмсайды?" атты видеосында ер кiсi алдымен дүкенге барып, көп азық-түлiк сатып алған. Кейiн оны өзi сияқты күйсiз жүрген жандарға таратып бередi. Одан әсерленген блогер Пэлер Лин оған тағы 100 доллар ұстатады. Қаңғыбас Томас өз өмiрбаяннын айтып бердi. Ол ауруға шалдыққан ата-аналарын күту үшiн жұмысты тастап кеткен, кейiн олар қайтыс болғанда үйсiз қалыпты. Пэлер Лин үйсiздiң күйiн кешкен Томасқа көмек беру үшiн Indie Go Go атты науқан бастады. Одан түскен қаржы видеоблогердiң бастапқыда жинамақ болған сомасынан жетi есе асып кеткен. Науқанның аяқталуына әлi 28 күн бар.