Жөнелтілімнің болмауынан негізгі астық егуші аймақтардың элеваторлары лық толы - А. Күрішбаев
АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жөнелтілімнің болмауынан еліміздің негізгі астық егуші аймақтарының элеваторлары лық толы.
Бұл туралы бүгін биылғы жылдағы 9 айдың қорытындысына арналған Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Негізгі трейдерлер астық сатып алуға асықпауда, яғни олар бұл нарықта күтіп отыру ұстанымында бекінуде. Өз кезегінде жөнелтілімнің болмауынан еліміздің негізгі астық егуші аймақтарының элеваторлары лық толы. Осыған байланысты тиісті шараларды қабылдау қажет», деді министр.
А. Күрішбаевтың айтуынша, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Ұлттық қордан қарызға алған қаражат есебінен 3 миллион тоннадан кем емес көлемде астық сатып алуды жылдамдатуы тиіс. Осы арқылы тауар өндірушілерді қолдау, ішкі нарықтағы қозғалысты жандандыру шаралары қамтамасыз етілмек.
«Екіншіден, астықты экспортқа шығару бағытында тиісті жағдайлар жасау қажет. Осы орайда біз ұсыныстарды Үкіметтің қарауына жібердік. Онда дипломатиялық корпустың және шет елдердегі сауда өкілдіктерінің жұмысын қарқындату, экспорттаушылардың қызметін ынталандыру, темір жол тарифін реттеу, астық тасымалдайтын кемелер мен көліктерді қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған»,деді министр.