Жоңғар Алатауында Қызыл кітапқа енген аюлардың саны артты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген Тянь-Шань қоңыр аюының популяциясы өскені байқалды. Мамандардың мәліметінше, соңғы төрт жылда бұл жыртқыштардың саны 283-тен 299 басқа дейін көбейген.
Парк қызметкерлерінің айтуынша, мұндай оң динамика табиғат қорғау жұмыстарының жүйелі жүргізілуі мен жануарлар дүниесіне жасалған тұрақты мониторингтің нәтижесі.
— Инспекторларымыз күнделікті бақылау күнделіктерін жүргізеді, сондай-ақ тұрақты түрде есепке алу жұмыстары ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта аюлардың негізінен таулы-орманды аймақтарды мекендейтінін сенімді түрде айта аламыз. Біз 2021-2025 жылдар аралығындағы кезеңге егжей-тегжейлі талдау жасадық: 2021 жылғы алғашқы есепте 283 аю тіркелсе, жүйелі қорғау шараларының арқасында 2025 жылға қарай олардың саны тұрақты өсіп, 299 басқа жетті, — деді «Жоңғар Алатауы» МҰТП Жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің аға инспекторы Жәнәлі Құмарғалиев.
Жоңғар Алатауы ұлттық паркі өзінің бай фаунасымен ерекшеленеді. Көпжылдық бақылауға сүйенсек, мұнда құстардың 170 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі, сүтқоректілердің 49 түрі және омыртқасыздардың 700-ден астам түрі тіршілік етеді. Сонымен қатар, мұндағы жануарлар әлемінің 26 өкілі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Мамандар Орталық Азиядағы ең сирек кездесетін әрі жасырын жыртқыштардың бірі — қар барысының популяциясын сақтауға ерекше көңіл бөліп отыр. Ілбістің негізгі мекені — ұлттық парктің Алакөл филиалы, ал Сарқан және Лепсі филиалдарында бұл жыртқыш әлдеқайда сирек кездеседі.
Қызыл кітапқа енген бұл аңды зерттеу және қорғау мақсатында табиғат қорғау мекемесінің қызметкерлері ауқымды ғылыми жұмыстар жүргізіп жатыр.
— Ауқымды жұмыс істелді — біз парктің жалпы аумағының шамамен 90 пайызын қамтыдық. Фототұзақтар орнатып, іздерді тіркедік, визуалды бақылау жасадық. Жалпы алғанда, мемлекеттік инспекторлар ғылым бөлімінің мамандарымен бірлесіп 200-ден астам ғылыми экспедиция өткізді. Кешенді зерттеулердің қорытындысы бойынша парк аумағында тұрақты түрде 25-тен 30-ға дейін ілбіс мекендейтінін анықтадық, — деді «Жоңғар Алатауы» МҰТП Жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің басшысы Молдахан Жанарбек.
Ілбістен бөлек, парк аумағында кездесетін ірі және сирек сүтқоректілердің қатарында Түркістан сілеусіні, маңұл, тас сусары және Тянь-Шань арқары бар.
Қоңыр аюлар санының артуына байланысты парк қызметкерлері туристер мен жергілікті тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Мамандар таулы аймақтарға жалғыз бармауға және тек гидтердің немесе мемлекеттік инспекторлардың сүйемелдеуімен шығуға кеңес береді. Сондай-ақ, демалушылардан жабайы жануарларды тартуы мүмкін тамақ қалдықтарын қалдырмауды және барлық қоқысты өздерімен бірге алып кетуді сұрайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан үйшікке қоңыр аюдың кірмек болғаны хабарланған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, жануарды тамақтың иісі қызықтырған.