Жөнсіз талас-тартысты кейбір саясаткерлер ішкі тұрақтылықты бұзу үшін пайдаланады - Президент
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының пайымынша, отаншылдық құр сөзден емес, нақты істен көрінеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы жұртшылығымен кездесуде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өзінің келешегіне сенімді халық мықты мемлекет құра алады. Сол себепті, мен өзімнің әрбір сөзімде ел бірлігін сақтау туралы айтып отырамын. Жөнсіз талас-тартысты доғару қажет. Мұны кейбір саясаткерлер ішкі тұрақтылықты, береке-бірлікті бұзу үшін пайдаланады. Оған жол бермеу үшін әрбір азаматымыз, ең алдымен, адал еңбек етіп, елдің дамуына өз үлесін қосуы керек.
Ашығын айтсақ, қоғамда өнімді еңбектен гөрі саясат туралы бос әңгімелерге әуес болғандар көбейіп бара жатыр. Бұл – дұрыс емес», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол өскелең ұрпақтың бойына, ең алдымен, еңбекқорлық, отаншылдық, жанашырлық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керектігін тағы ескертті. Сонда ғана бәсекеге қабілетті ұлт әрі мықты мемлекет қалыптасады. Соңғы жылдары елімізде қолға алынған ауқымды шаралардың бәрі осы мақсатты көздейді.
«Халықтың басым көпшілігі біз жүзеге асырып жатқан өзгерістерді қолдайтынын көрсетті. Конституциялық реформаның аясында көптеген құжаттар қабылданып жатыр. Мен бірнеше конституциялық заңға жария түрде қол қойдым. Оның бәрі мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтып, еліміздің дамуына тың серпін береді. Жұмыс мұнымен тоқтамайды.
Болашақта осындай маңызды қадамдар жасала береді. Ел экономикасы халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет. Әділдік идеясы әрдайым Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, ә леуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасайды.