ЖОО-ға құжат тапсыру: наркодиспансердің қағазы керек пе

АСТАНА. KAZINFORM – Ертеңнен бастап ЖОО ғимараттарында ұзын-сонар кезек пайда болмақ. Мектеп түлектері білім грантын иелену үшін жаппай құжаттарын өткізе бастайды.

мамандық
Фото: rally36.ru

Мұндай кезде кейбір түлектер, тіпті, ата-аналар да күйзеліске түсіп, болашаққа алаңдайтыны белгілі. Кейбіреуі жалған ақпараттың жетігінде кетіп, құжат жинауға бас қатырады. Олай дейтініміз, кейбір түлектер наркодиспансердің қағазы керек деп зыр жүгіріп жүр. Осы ретте, Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметіне хабарласып, қандай құжаттар қажет екенін сұрап білдік.

«Грант конкурсына құжаттар қабылдау 13-20 шілде аралығында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін 13-24 шілде аралығында жүзеге асырылады. Құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн және eGov арқылы онлайн тапсыруға болады», - дейді Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.

Сонымен, қандай құжаттар қажет?

- жеке куәлік;

- ҰБТ сертификаты;

- 3х4 көлеміндегі фото;

- орта білім туралы аттестат (колледж түлектері үшін диплом);

- жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар;

- B167 Ұшу аппараттарын және қозғалтқыштарды ұшырып пайдалану мамандығы үшін дәрігерлік ұшу-сараптамалық комиссиясының медициналық куәландыруы;

- педагогикалық және медициналық мамандықтар үшін арнаулы емтихан нәтижесі керек.

Қосымша ақпарат бойынша ЖОО-лардың қабылдау комиссияларына жүгінуге болады.

Айта кетейік, бүгін ҰБТ қорытындысы шығып, білім гранттарының саны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар