ЖОО-лар мамандар бойынша еңбек нарығы сұранысына бағдарды жоғалтты - Бас прокуратура
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кей жағдайларда ЖОО-лар білім сапасын екінші орынға ысырып қойып жатады. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстан Республикасында заңгер мамандарды даярлау туралы» республикалық форумда ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мәлім етті.
«Тәуелсіздік жылдарында ЖОО-лар саны екі есеге артып, студенттер саны 473 мыңға жетті. Бұндай көрсеткіштер адами капиталды дамытуда жетістік болып есептеледі, жан басына шаққанда ЖОО саны бойынша біз білім саласындағы көшбасшы Ұлыбритания секілді елден асып түстік», -деп тоқталды ол. А. Кравченконың сөзіне қарағанда, тексерілген жеке ЖОО-лардың төрттен үш бөлігі мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарын орындамай отыр. Сонымен бірге 90 пайыздан астамында оқытушылары жеткіліксіз, ал білікті оқытушылардың үштен бір бөлігі бірмезгілде бірнеше ЖОО-да қызмет етуде. «Батыс Қазақстан облысындағы жоғары оқу орнының бірінде ғылыми дәрежелі 160 оқытушы бар, оның арасындағы 48 ғылым докторы ол жерде ешқашанда жұмыс істемеген. Жеке ЖОО-лардың көбісінде материалдық-техникалық базасы мен кітапханасы нашар жасақталған. Бұл өз кезегінде білімнің сапасына әсер етпей қоймайды. Дегенмен де проблемалар мемлекеттік ЖОО-ларда да бар. Олар соңғы екі жылда әкімшілік жауапкершілікке 102 рет тартылды», - деді ол. «Кей-кейде жоғары оқу орындарына ақша, ал студенттерге диплом ғана керек деген жағдай қалыптасып отыр, деп осы сөзді амалсыздан айтуға тура келеді. Білім сапасы екінші мақсат-міндетке кетіп жататын проблема бар. ЖОО-лар экономика салаларына қарай негізделіп жатқан жоқ және еңбек нарығы сұранысына бағдарды жоғалтты», - деді прокурор.